Оқу-ағарту министрлігі 2024/2025 оқу жылының басталуы мен аяқталу мерзімін, сондай-ақ, білім алушыларды қорытынды аттестаттау мерзімін анықтау туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ашық НҚА порталында жарияланған бұйрық жобасына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйек пен 2025 жылғы 25 мамыр аралығында жалғасады.
Бірінші тоқсан сегіз оқу аптасына, күзгі каникул 2024 жылғы 28 қазаннан 3 қарашаға дейін жеті күнге созылады.
Екінші тоқсан – сегіз оқу аптасы, қысқы демалыс – 10 күн, 2024 жылғы 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда.
Үшінші тоқсан – 10 оқу аптасы, көктемгі демалыс – 11 күн, 2025 жылғы 21 наурыздан 31 наурызды қоса алғанда.
Бірінші сыныптарда қосымша демалыстар енгізілді - жеті күн, 2025 жылғы 3 ақпаннан 9 ақпанды қоса алғанда.
Төртінші тоқсан – сегіз оқу аптасы.
9-10 сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары 29 мамыр мен 9 маусым аралығында, 11-12 сынып оқушылары үшін емтихан 30 мамыр мен 12 маусым аралығында өтеді.
Бұйрық жобасы 18 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!