Келер жылы инфляция деңгейі қандай болады? Үкімет болжам жасады

Келер жылы инфляция деңгейі қандай болады? Үкімет болжам жасады
Фото: Tengrinews.kz

Үкімет 2027 жылы инфляцияның ең жоғарғы шегі 9,5 пайыз болады деп болжап отыр. Бұл көрсеткіш елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа жоспарында жоғарғы шек ретінде көрсетілген. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2027 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде болады деп айқындалды, кейін, 2028-2029 жылдары 6-8 пайызға дейін төмендейді", - деді ол.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда инфляция төмендеп келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, былтыр қыркүйектегі 12,9 пайыздық ең жоғары көрсеткіштен кейін 10,2 пайызға дейін төмендеген. Төмендеу процесі он ай қатарынан жалғасып келеді.

Айта кетейік, инфляция - тауарлар мен қызметтер бағасы тұрақты өсуі. Инфляция салдарынан уақыт өте келе белгілі бір сомаға бұрынғыдан аз зат сатып алуға болады. Мысалы, бүгін азық-түлік себеті 10 000 теңге тұрса, бір жылдан кейін 11 000 теңге болса, демек баға 10 пайызға өскен. Бұл - инфляция. Инфляция - бір ғана тауардың қымбаттауы емес, тауарлар мен қызметтердің бағасының жалпы өсуі деген сөз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget