Дереккөз: baq.kz
Келер жылы еліміз ғарышқа екі спутник ұшырады. Сөйтіп, көктегі қазақстандық жерсеріктердің саны алтау болмақ. Екі жылдан кейін Қазақстанда ТМД-да теңдесі жоқ жерсеріктер шығаратын жаңа зауыт пайда болады.
Елорда іргесінде салынып жатқан бұл конструкторлық бюроның өнімдері орта есеппен 200 миллион еуроға сатылуы тиіс. Сондай-ақ осында ғарыш аппараттарының бөлшектері құрастырылады. Қос ғимарат іске қосылса, қазақстандық жерсеріктерді Азия елдері алуға дайын.
«Зауыттың барлық қондырғылары Еуропада дайындалды. Қыркүйек айында олар осында әкелінеді. Орталық Азия мен Араб мемлекеттері елімізде құрастырылған ғарыштық аппараттарды сатып алмақ. Ондағы қазақстандық үлес 55%-ды құрайды. Егер бір жерсерік 200 миллион еуроға бағаланса, тең жартысы жергілікті қазынаға құйылады. Қалғаны акционерлерге үлестіреледі», - деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің орынбасары Ербол Нұрсейітов.
Ұлттық ғарыш орталығының құрылысы 2025 жылы толық аяқталады. Қазірдің өзінде мұнда жоғары дәлдікті навигация жүйесі, дифференциалды түзету және мониторинг орталығы мен сәйкестікті бағалау зертханасы жұмыс істейді. Яғни мұнда ғарыш апаратының құрамдас бөліктері құрастырылып жатыр. Тіпті әлемге әйгілі Airbus компаниясы тарапынан алғашқы тапсырыс та келіп түскен.
«Бұл материал ғарыштық аппаратқа қажетті ауа температурасын қатамасыз етіп, күн көзінен қорғайды. Қазір осындай өнімді арнайы тапсырыспен құрастыруға дайынбыз. Қыркүйек айында құжаттарын толық рәсімдеп, Еуропадағы ғарыш аппараттарын құрастыратын ең ірі компанияға сатуды бастаймыз», - дейді. «Ғалам» ЖШС бас директоры Баубек Оралмағамбетов.
Араға үш жыл салып, қазақстандық ғарыш аппараттарының тағы екеуі көкке көтеріледі. Алғашқысы, Ресей жерінен ұшырылмақ. STSAT деп аталатын ғылыми жерсеріктің ерекшелігі, толық отандық технологиямен дайындалды. Жер сілкінісін болжауға арналған екінші аппараттың да ұшырылымы келер жылға жоспарланған.
Жалпы еліміздің жерсеріктеріне жұмсалған қаржы көп ұзамай қайтарылады. Яғни солардың әрқайсысы бюджетке қыруар пайда әкеледі. Осыдан екі жыл бұрын ұшырылған жерді қашықтықтан зондтауға арналған «ҚазЕОСат-1» және «ҚазЕОСат-2» спутниктері дүниежүзі бойынша 200 миллион шақырым жерді суретке түсіріп, қазынаға миллиондаған қаржы құйып отыр.