"Кедейшілік деңгейі өсіп барады". Депутаттар каникулда немен айналысып жатыр?

30 маусымда Парламент каникулға кетті. Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, жергілікті халықпен кездесе бастады. Артынша депутаттар еңбек демалысына кетті. Депутаттар каникулда немен айналысып жатыр? Еңбек демалысында қайда демалады? Massaget.kz тілшісі сұрастырып көрді. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Шығыс Қазақстан облысын аралап шыққан. 

"Шығыс Қазақстан облысының шекаралық Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Қатон-Қарағай аудандарын аралап шықтым. 20 елдімекенде мыңға тарта адаммен кездестім. Шекаралық аудандарды дамытудың барлық қыр-сырын қарап шықтық. Ол аудандардағы ең негізгі проблема - интернеттің қолжетімсіздігі, ауыл арасындағы жол және әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығы. Сонымен қатар, сол аймақтағы Қалбатау - Майқапшағай жолы да салынбай жатыр, бұл халыққа қолайсыздық тудырады", - дейді депутат. 

Саиров Өскемен қаласында қалалардың коммуналдық мәселесі, уақытылы дамыту, қаланың айналасындағы саяжай проблемасы да өзекті екенін айтады.

"Бұл проблеманы қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп талқыладық. Сондықтан жұмыс жалғасып жатыр. Енді осы шекаралық аудандарды дамытудың жан-жақты жүйесін жасауға өз ықпалымызды тигізетін боламыз", - дейді депутат. 

Сонымен қатар, Ерлан Саиров еңбек демалысын қайда өткізетінін айтты.  

"Депутаттарда каникул деген формалды нәрсе. Қай жақта жүрсек те халықпен кездесеміз. Өзім 10 күндей Бурабайда боламын. Одан кейін қайтадан аудандарға, облыстарға шығып, мәселелерді қарастырамыз. Бүгінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету үшін не істеу керек деген нәрсе бар. Біздегі ең басты проблема - инфляция артып кеткеннен кейін кедейшілік деңгейі көбейіп келе жатыр. Сол кедейшілікпен күресу үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап іздейтін боламыз", - дейді Ерлан Саиров. 

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Астанада қандай проблемаларға көзі түскенін айтты. 

"Жалпы 98 депутат жан-жақта өңірлерді аралап жүр. Мен Астана атынан шыққаннан кейін осы қаланы аралап жүрмін. Қаладағы су проблемасына қатысты - су сорғысы станциясына өзім барып, көріп, таныстым. Екінші мәселе - үлескерлердің проблемасы. Салынып, құрылысы бітпей жатқан, 9 жыл бойы салынып жатқан үйлер бар. Астана әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге үлескерлермен кездесіп, осы мәселені шешу жолында отырыс өткіздік. Алдағы уақытта құрылыс нысандарын аралау жоспарда бар", - дейді депутат. 


Фото: instagram.com/daulet_mukayev

Сонымен қатар, Мұқаев Астанада салынып жатқан мектептерді, нақты айтқанда №44 мектепке барғанын айтты. Депутаттың сөзінше, биыл 12 мектеп салынып бітеді екен.  

"Тағы бір проблема - қоғамдық көліктерге қатысты. Жыл соңына дейін қосымша 400 автобус қосылады. Қателеспесем Астана күніне орай қосымша 90 автобус келді. Құрылысы 2016 жылы басталған спорт нысанына да бардым. Ол биыл қыркүйекте қолдануға береді. Депутат Дәулет Тұрлыхановпен халықпен кездесіп, тілек, талаптарын, ұсыныстары мен көңілі толмаған нәрселерді естіп, талқыладық. Одан бөлек, жылу мәселесі де бар. Үшінші жылу газ станциясы бар, сол жерге өзім барып қайттым. Ол қазан айында іске қосылады деп күтіліп отыр", - дейді Мұқаев.  

Депутат жазғы демалысында ең алдымен туған жеріне баратынын айтты. 

"Еңбек демалысы 15 шілдеден кейін. 18 шілдеде туған жерім, ата-анам, ата-енем тұрып жатқан Семейіме барамын. Әрі қарай Алакөлге, ал тамыз айында Түркияға бару жоспарда. Түркияға депутат болмай тұрып ерте брондаумен билет алып қойғанмын. Одан бөлек, АҚШ, Жапония, Кореядағы қаншама досым шақырған. Бірақ оның бәріне уақыт жете қоймас. Уақыт жетсе барармын, жетпесе қалармын", - дейді Дәулет Мұқаев.  

Ал депутат Ермұрат Бәпи каникулда халықпен кездесу мүмкін болмағанын айтты. Оның себебін де түсіндірді. Депутат ауруханаға түсіп қалған екен. Бұл ақпаратты депутат Massaget.kz тілшісіне растады. Редакция тілшілері Парламент каникулға кеткеннен кейін Ермұрат Бәпидің сайлаушылармен кездесу барысы туралы сұрауды жөн көріп, хабарласқан болатын. Алайда депутат мертігіп қалғанына байланысты барлық жоспарын кейінге сырғытыпты.   

"Жамбасты мертіктіріп алдым. Ауруханадан үйге шықтым. Барлық жоспар кейінге сырғыды. Биылғы жазғы демалыс аурухананың төңірегінде өтетін болды. Тек тамыз айында сайлаушыларыма жете алсам, соның өзі мен үшін үлкен олжа болмақ", - дейді депутат. 

Ермұрат Бәпи. Фото: Мәжіліс отырысының кадр

Жигули Дайрабаев шілденің ыстығына қарамай, халықпен кездесу жұмыстарын жалғастырып жүр екен.

"Көңілге көлеңке іздегендей, менде Ауылдастарыммен бірігіп елдің қамын білуге бекіндім. Айта кетсем, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Қуаңдария ауылы тұрғындарымен кездестім. Ауыл шекаралық аймақта орналасқан. Ауылда 800 жуық халық тұрады, негізгі кәсіптері мал шаруашылығы. Сонау Кеңес өкіметі ыдырамай тұрғанда осы ауылда 45 мың қой болған. Ауыл ақсақалы Абдібаев Қыстаубай ауылдың әлеуетін көтеруге болатынын айтты. Тек қолды байлап отырған несие алуға кепілдің жоқтығы, қолда бар ғимараттардың ескілігіне байланысты кепілдікке жарамауы болып отыр. Қармақшы аудандық мәслихат депутаты Болат Бөгетов шөп жем дайындауға арналған техниканың қол жетімсіздігінен ауылдағы мал бордақылау шаруасының алға баспай отырғанын баяндады", - дейді депутат.


Жигули Дайрабаев. Фото:t.me/mazhilis_kz

Депутат Қызылорда облысында жиналып қалған мәселелерден басқа, мақтанышпен айтатын да жаңалықтар барын айтады.

"Соның бірі, кәсіпкерліктің қарқын дамуы, шаруалардың жоқтан бар жасап еңбек етуі туралы. Мысалы мен аралаған Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында "Жаңажол" шаруа қожалығы орналасқан. Өңірліктер мақтан тұтатын қожалықтың ұжымымен мен де кездесуді жөн көрдім. Көретін де, алатын да тәжірибесі мол шаруашылықта болып, ел аманатын алу маған міндет ғой. Шаруа қожалығының негізгі саласы күріш егу екен. Егістік көлемі 3100 гектар. 400 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған аймақтағы ірі шаруашылықтардың бірі. Мен, өз тарапымнан ауылшаруашылығына қажетті техникаларды шығаруға арналған іс-шараларды Үкіметпен бірге қарастырып жатқанымыз туралы айтып түсіндірдім. Былтыр 100 млрд.теңге төңірегіндегі техникаларды лизингке беру бағдарламасы осы жылы өз қарқынынан ақсап қалған еді. Қайта жаңғырту үшін Мәжілістің аграрлық меселелер комитетінің мүшесі ретінде ұсыныс айтып, кеңейтілген жиналыс өткізгеніміз жайлы шаруашылық ұжымына толық түсіндіріп бердім", - деп жазды Дайрабаев Facebook-парақшасында. 

Еске салайық, 30 маусымда Қазақстан Парламенті каникулға кеткен болатын. VIIІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы аяқталды. Палаталардың бірлескен отырысында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Парламентке өткен барлық партия депутаттар белсенді жұмыс істегенін атап өтті.

Бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды. Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!