Динара Құлыбаеваға қатысы бар Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) мемлекет меншігіне қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу орнының жаңа иесі кім?
Енді университеттің жаңа иесі - Қайтарылған активтерді басқару компаниясы. Бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы және қатысушысы - Қазақстан Үкіметі.
Университеттің акционерлік құрамындағы өзгерістер 27 ақпанда ресми тіркелген.
ҚБТУ тарихы
ҚБТУ 2001 жылы 3 тамызда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен құрылған. Қазақстан тарапынан құрылтайшысы - Үкімет, ал уәкілетті органы - Білім және ғылым министрлігі. Ұлыбритания тарапынан университеттің серіктестері - Ұлыбритания елшілігі мен оның негізгі өкілі ұлыбританиялық кеңес болды.
2003 жылы университет "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының меншігіне өтті, сол кезде компания университеттің жалғыз акционері болған. 2018 жылы жекешелендіру бағдарламасы аясында ҚБТУ Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры қарамағына өтті. Қордың құрылтайшыларының бірі Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева болды.
Айта кетейік, 2023 жылы шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова