Ресми мәліметте Абай облысы 91,9 пайыз сумен қамтылған деп көрсетілген. Тексеру барысында халықтың тек 41 пайызы ғана орталық су құбырының игілігін көріп отырғаны анықталды. Көптеген ауылдың халқы жылдар бойы су күтіп жүрсе, кейбіріне су желісі құжат жүзінде ғана тартылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Достық ауылдық округі Абай облысының орталығы Семей қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан. Маңайда Достық және Шақаман деген екі ауыл ғана бар. Тұрғын саны – 1503 адам.
Тұрғындардың айтуынша, ауылға су құбырын тартып жатқанына екі жыл болды. Шақаман ауылын тұрғындар өз ішінде екіге бөледі: өткен ғасырдың 80-жылдары құрылысы басталған екінші бөлік "жаңа" деп аталады. Шақаманның ескі бөлігінде ауыл халқының жартысы тұрып жатса да, ондағы үйлерге су құбыры сол күйі тартылмаған. Ескі бөліктегі тұрғындар суды көшедегі бес колонкадан тасиды.
Шақаманнан төрт минуттық жердегі көрші ауыл Достықта да сол мемлекеттік тендер бойынша су құбыры тартылуы тиіс болатын.
"Уәдені үйіп-төгіп беріп келеді. Қазып жатқанына үш жыл болды. Бір бригада келіп қазып-қазып, тастап кетеді. Сосын тағы біреуі келеді. Осылай үш жыл өтті. Бізге ендігі құбырды жалғауы керек еді. Бүкіл ауылда үш қана колонка бар, – дейді Достық ауылының тұрғыны Маржан.
Бізге мүлде жағдай жасалмаған. Суды тасып ішеміз, оның өзі алыста. Үйдегі басқа шаруаларға ащы суды пайдаланамыз. Қалаға дейін бар болғаны 30 шақырым жерде тұрсақ та, су жоқ. Бір жағы күлкің келеді. Ауылда ешқандай жағдай жоқ", - дейді ауыл тұрғыны.
Гидромелиорациялық жұмыстар жөніндегі инженер-механик Александр Исаченконың айтуынша дайын нысандардың бәрін арам шөп басып қалған. Айтуынша, жұмыстың шамамен 60 пайызы істелген.
"Қазып тастады, енді құбырдың қайда екенін білмейді. Берекетсіз жұмыс болды. Алдымен біреуі қазды, одан кейін екіншісі келді, сондықтан қайда екенін білмейді. Монтаж сызбасы, бетон сақинаны қайда қоятыны жоспарда тұр, бірақ олар жобадан ауытқып кетті. Қаза берді, қаза берді, бірақ құбырдың шегі жоқ. Енді ол құбырдың ішіне, қайтадан су қосса, топырақ толып қалатын болды. Оны шаю керек. Осының бәрін бақылап, көріп тұрдым. Бірақ ештеңе айта алмаймын, өйткені олар бізге бағынбайды. Жазбаша сауал жібердік. Әлі жауап жоқ, жым-жырт", – дейді Александр Исаченко.
2022 жылы жұмысшылар жұмысты шала істеп, аяғын жеткізбей тастап кеткеннен кейін ауыл халқы жұмысты жандандыруды талап етіп QazConstructions ЖШС-ға жүгінген, бірақ олардан ешқандай жауап ала алмапты. Семей қаласының әкімдігі округ тұрғындары мен әкімдігіне "құрылыс барысын мемлекеттік органдар бақылап отыр" және "нысанға құрылыс материалдары үнемі жеткізіліп тұрады" деп жауап берген. Сондай-ақ, жұмыс 2022 жылғы 30 қыркүйекте аяқталатынын айтқан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергеновтің айтуынша Энергетика және ТКШ басқармасы мәліметтерінде облыстың 92 пайызына орталық су желісі тартылды делінген. Ал біз әкімдіктегі мәліметтерді алып, тек 41% сумен қамтылғанын есептеп шығардық. Екі ақпарат көзін тексеріп, адам шошитын шындықпен бетпе-бет келдік. Іс жүзінде 327 елді мекеннің 73-і ғана орталық су жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалғандарында су құбыры не толық тартылмаған, не түрлі себептермен жұмыс істемей тұр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!