ҚазҰУ студенті Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақыны жеңіп алды

ҚазҰУ студенті Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақыны жеңіп алды
Фото: Батыр Қазыбаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 4 курс студенті Бағдат Сұлтанқызы танымал медиа менеджер, Tengrinews.kz сайтының негізін қалаушы Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақыны жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Alash Media Group компаниясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің студенттері үшін Батыр Қазыбаев атындағы стипендияға әр жыл сайын конкурс жариялап келеді. Бұл игі шараның басты мақсаты студенттердің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметін ынталандыру. 

"Бағдат біздің үздік студентіміз. Ол менің кураторлық тобымда оқиды. Осы журналистика факультетіне түскеннен бастап керемет мақалалар жазып жүрген қаламы қарымды, ойы еркін журналист. Ол әдебиетті сүйетін, өте ізденімпаз қыз. Кітапты тірі организм ретінде, үлкен бір құндылық ретінде сипаттап жазған мақаласы өзіме қатты ұнады. Алдағы уақытта өзінің қалыптасқан қолтаңбасы бар журналист болады деген сенімдеміз", - дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева. 

20 жастағы жас журналист Әл-Фараби оқулары мен Әбілфайыз Ыдырысов, Темірбек Қожекеев атындағы факультетішілік байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Зерттеу мақалаларды жазғанды жаны сүйеді екен. 

"Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақының жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. Бұл кісінің журналистика саласына сіңірген еңбегі есімізде. Дәл осы шәкіртақыны алуым маған деген жауапкершілікті 2 есе арттыра түседі. Мен ол кісінің өтірік айтпайтын шыншылдығына, намысқойлығына тәнті болдым. Сонымен қатар, нағыз журналистің қандай болу керегіне көз жеткіздім. Бұл сыйақы менің одан әрі дамуыма, түрлі тақырыпта қалам тербеуіме, еліміздің жалынды жастарының бірі әрі бірегейі болуға мол мүмкіндік береді", - дейді Бағдат Сұлтанқызы.     

Батыр Қазыбаев 2022 жылы 27 наурызда 53 жасында қайтыс болды. Ол қазақ елі үшін бірнеше маңызды медиа жобаларды іске қосуға ат салысты. Марқұмның атындағы 50 мың теңге көлеміндегі шәкіртақы студентке 1 жыл бойы үздіксіз берілетін болады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов