Тамыз айы басталысымен жоғарғы оқу орындарында алдағы оқу жылына дайындық қолға алынатыны белгілі. Осыған байланысты, еліміздегі жетекші оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сүйінші сұрар хабар таратты. Университет ректоры Ғалым Мұтанов жұмыс сапарымен әлемнің көшбасшы университеті Оксфордқа арнайы барған. Бұл туралы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі хабарлады. Қос тараптың кездесуінен кейін, әлемнің әйгілі университеті мен Қазақстан ЖОО-ның ішінде көш басында тұрған ҚазҰУ арасында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық кеңейетін болды. Алдағы уақытта бірлесе отырып ғылыми зерттеулер жүргізуді алға тартқан қазақстандық ұстаздар мен ғалымдардың ұсынысына ағылшындар қызығушылық танытып отыр. Кездесу нәтижесінде, жоғарғы білікті мамандарды дайындау мақсатында ҚазҰУ-дың үздік атанған магистранттары мен докторанттары Оксфордта біліктілігін арттыруға жолдама алатын болды. Бұл екіжақты келісілген Ғылымға кіріспе бағдарламасының аясында жүзеге асады. Бұдан бөлек, қазақстандық профессорлар енді Оксфорд зертханасында география, ядролық физика, тарих және тағы бірнеше сала бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Жоғарғы оқу орындарының арасындағы байланыс бойынша ҚазҰУ-лықтар қазірдің өзінде бұл тиімділікті толықтай пайдалана алады. Биылғы жылдың сәуірінде ҚазҰУ Оксфордпен бірлесе Еуразияның орталық бөлігінде орналасқан аридті аймақтардың тұрақты дамуының өзекті мәселелеріне арналғанАридті аймақтар: экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Қазақстанда ұйымдастырылған бұл шараға келген қонақтар мен шетелдік сарапшылар жоғары баға беріп кетті. Оксфорд университеті - әлемдегі ең көне және үздік университеттердің бірі. Онда 20 мыңнан астам студент білім алады, оның төрттен бір бөлігі - шетелдік студенттер. QS халықаралық рейтингісінде ол әлемдегі үздік бес университеттің қатарына енген. Қос тараптың арасында байланыстың орнауы қазақстандық студенттер мен ғалымдар үшін әлемдік деңгейде жаңалық жасауға даңғыл жол ашты. Осы бағдарламаның арқасында еліміздің білім мен ғылым саласы одан әрі жанданып, өз биігіне жетеді деп сенеміз.