Telegram-арналардың бірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерінің медициналық жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараған ақпаратта студенттердің аты-жөні, ЖСН, байланыс нөмірлерінен бөлек, кейбір медициналық қорытындылар да жазылған.
Университет әкімшілігі өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
"6 ақпанда "Smart Health UniversityCity" ЖШС медбикесі WhatѕАрр мессенджері арқылы механика-математика факультеті деканатының маманына осы факультеттің 3-4-курс студенттерінің флюорографиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз ету үшін Excells форматында тізімін жіберді. Алайда құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен бөлек, медициналық құпия мәліметтер де болған. Кейін мессенджерлерге жіберу арқылы университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпия деректер мен мәліметтер тарап кеткен. Осы дерек бойынша 14 ақпанда университетте қызметтік тексеріс тағайындалды және Алматы қаласының прокуратурасына прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды, студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап, өтініш жолданды", - деп жазылған университет әкімшілігі жауабында.
Сонымен қатар, университет "Smart Health University City" ЖШС-мен шартты бұзу мәселесін қарастырып жатқандарын хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!