“ҚазҰУ-да оқытушы студенттердің көзінше жұмыстан шығарылған“: видео желіде қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сабақ үстінде студенттердің көзінше оқытушыға жұмыстан босатылғаны хабарланғаны көрінетін видео тарады. Бұл жайт қоғамда резонанс тудырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде тараған видеодан ер адам сабақ кезінде әйелге 2 қазанда рәсімделген құжаттарды тапсырып жатқаны көрінеді. Жазба авторлары әйел университетте оқытушы болып жұмыс істейтінін айтты.

Кадрда педагог жұмыстан шығару себебін сұрап жатқаны да естіледі.

"Не себепті жұмыстан шығарасыздар? Бүгін 7 қазан, неге 2-сінен бастап маған ескертілмеген? Сіздер мені таныстыруға міндетті құжаттармен таныстырған жоқсыздар... Сіздерге келдім, бірақ маған құжаттарды көрсетуден бас тарттыңыздар..." - дейді видеода әйел.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ видео 7 қазанда, яғни оқытушымен еңбек қатынасы тоқтатылғаннан кейін түсірілгенін хабарлады. Бұл уақытта кафедра меңгерушісі оның орнына басқа оқытушыны тағайындап қойған.

"Соған қарамастан оқытушы аудиторияға өз бетінше кіріп, мұғалімнен шығуын талап етіп, сабақты өткізуге кіріскен", - деді жоғары оқу орны өкілдері.

Олардың айтуынша, кадр бөлімінің өкілі әйелге жағдайды талқылау үшін дәлізге шығуды ұсынған. Алайда ол әңгіме аудиторияда, студенттердің көзінше өтуін талап еткен.

Университет мәліметінше, педагогпен еңбек қатынаcын тоқтату туралы бұйрық тәртіптік комиссияның шешімі негізінде 2026 жылғы 2 қазанда шығарылған.

"Оқытушы комиссия отырысы туралы хабардар болды, өз түсініктемесі мен ұстанымын ұсынуға мүмкіндігі де болды, бірақ отырысқа қатысқан жоқ", - деді ЖОО өкілдері.

Университеттің ақпараты бойынша бұйрықтың көшірмесі заңнамада белгіленген мерзімде оқытушының тұрғылықты жеріне пошта арқылы жіберілген.

ҚазҰУ еңбек қатынасын тоқтату туралы шешім оқытушының 2024-2026 жылдардағы жұмысында анықталған бірқатар олқылыққа байланысты екенін хабарлады.

"Университет иелігіндегі материалдарға сәйкес Univer жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік талаптары бұзылған. Соның ішінде оқытушының аккаунтына кіру мүмкіндігі студенттерге беріліп, олар оқытушының кейбір міндетін орындаған", - деді ЖОО өкілдері.

Бұдан бөлек университет оқу-әдістемелік материалдарды дайындау, емтихан тапсырмаларын әзірлеу, сабақтарды өткізу және емтихан жұмыстарын тексеру талаптары бұзылғанын мәлімдеді. Әкімшілік мәліметінше, кейбір жағдайлар емтиханды уақтылы өткізуге және студенттердің академиялық құқығы сақталуына қатер төндірген.

Университет жағдайды реттеу үшін шаралар қабылданғанын хабарлады. Оқытушымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіптік шаралар қолданылған.

Сонымен қатар, ҚазҰУ 17 қазанда учаскелік полиция инспекторы ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігінде көзделген іс-әрекет бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырғанын хабарлады.

Жоғары оқу орны мән-жайға қатысты түпкілікті құқықтық бағаны заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органдар беретінін мәлімдеді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!