"ҚазТемірТранс" қостанайлық филиалының директоры пара алды деген айыппен сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 3 қазанда Қостанай қаласының №2 соты "Қазтеміртранс" АҚ Қостанай филиалының директоры Б.Ұсабеков пен "Вадиса М" ЖШС директоры С.Таировқа қатысты айыптау үкімін шығарған. Олар жүк вагондарын кедергісіз және жедел жеткізгені үшін пара алған әрі берген деп айыпталған.
Сот үкімімен Ұсабековке орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал Таировқа пара беру дерегі бойынша параның жиырма еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл тағайындалған. Ал бұл сома 24 миллион теңге болады.
Сонымен қатар, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!