Ақпарат және даму министрлігі өкілдері "ҚазТаг" журналисі Диана Сапарқызына жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"ҚазТаг" агенттігінің мәліметінше, Диана Сапарқызына Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасындағы оқиғаны түсірмек болған кезде шабуыл жасалған.
"Ер адам маған шабуыл жасап, телефонымды тартып алды, кейбір файлдарды өшіріп үлгерді", - деді Сапарқызы "ҚазТАГ" агенттігіне.
Сапарқызының айтуынша, ол "Қазақстан" шахтасының кеңсесіне өзін журналист деп таныстырмай кіріп, қаза болған кеншілердің туыстарынан сұхбат алған. Компанияның баспасөз қызметкерлері оны танып, күзетшілерге "оны шығарып жіберуін" айтқан.
Күзетшілер Сапарқызының қолынан мықтап ұстап, ғимараттан сүйреп шығарған. Ер адамдар оның сөмкесін алып, заттары мен жабдықтарын лақтырып жіберген. Тілші оқиғаны видеоға түсіріп жатқанда ер адамдардың бірі оның телефонын тартып алып, видеоны өшіріп тастаған.
Ақпарат және даму министрлігі өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Қарағандыдағы "ҚазТаг" тілшісі Диана Сапарқызына қатысты жағдайдан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабардар. Министрлік журналистің қызметіне кедергі келтіру әрекетін құптамайды. Елімізде сөз еркіндігіне шектеу қойылмайды және министрлік бұндай оқиғаларды назарда ұстайды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін танымал блогер, журналист Сандуғаш Дүйсенова қылмыстық іс бойынша ұсталған болатын. Кейін журналист Сандуғаш Дүйсенова 8 сағат изоляторда болғанда қорлық көргенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!