Танымал қазақстандық жазушылар, ақындар, сыншылар мен әдебиетшілер Алматыдағы Достық үйінде бас қосып, БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясының құрылымы мен мазмұнын талқылады. Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік Рухани жаңғыру бағдарламасы бағыттарының бірі саналатын Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет жобасы аясында бұрын соңды болмаған, кең ауқымды аударма бастамасы қолға алынды. Сондықтан бағдарламаның іске асу барысы ерекше назарда. Бұл жобаға жауапты жұмыс тобын Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида Балаева басқарады. Ол әдебиет саласы мамандарымен болған кездесуі барысында алдағы жұмыс ретін қадам-қадам талқылап, антологияларды дайындауда аударма сапасы мен оның халықаралық деңгейде кең таралуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сол себепті ағылшын тіліндегі антологияларды дайындауға әлемге танымал әрі аса беделді Британ Кеңесі ұйымы мен Кембридж университеті таңдалып отыр. Олар жобаның серіктесі болуға және аударма ісін ұйымдастыру мен басылымды таратып, насихаттауға қатысуға келісті. Жоба ұйымдастырушылары француз, испан, қытай, араб, орыс тілдеріндегі антологияларды шығару үшін де осындай жоғары деңгейдегі серіктестерді тартуға ниетті. Қазақстанның әдеби қауымдастығы жобаны ұйымдастыру үлгісіне де, антологияның құрылымына қатысты ұсыныстарға да қолдау білдірді. Бұл жоба авторларымыздың шетелдік әріптестерімен, халықаралық әдеби агенттер және сарапшылармен қарым-қатынас орнатып, әлемге қазақ авторларын таныстырып, олардың әлемдік әдеби процеске қосылуына жол ашады. Сонымен қатар, аударылған антологиялар тек баспа түрінде ғана емес, электронды және аудио форматта таралып, танымал онлайн платформаларға салынбақшы.