Қазнетте "Халықтық IPO-ға" қатысып, қазірдің өзінде күн сайын 117 мың теңгеден алуға болады" деген жалған ақпарат тарады, - деп хабарлайды stopfake_kz.
Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға "Халықтық IPO" бағдарламасына қатысушылардың күнделікті табысы 117 мың теңгеден жоғары болады деп айтылған жарнама көрсетіледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті пайдаланылған жарнама бұл төлемдерді Мемлекет басшысының өзі бекіткендей ұсынылып отыр. Мұның бәрі - алаяқтардың ісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта жаңғыртуды тапсырды. Алайда төлемдер мөлшері мен олардың жүйелілігі жайлы айтқан жоқ.
Қазір бағдарламаны іске қосуға дайындап жатыр. Бағдарлама туралы барлық өзекті ақпарат ұсынылған ресми сайт ашылды, сондай-ақ, қалалар мен ірі кәсіпорындарда кездесулер өткізіліп, адамдарға қатысу ережелері түсіндіріліп жатыр.
Әзірге бағдарламаның ресми басталу мерзімі жарияланған жоқ.
Дегенмен алаяқтар "Халықтық IPO" атауын қолданып, іс жүзінде жоқ жобаларға ақша салуға адамдарды белсенді тартып жатыр.
"Халықтық IPO" бағдарламасына жетекшілік ететін "Самұрық-Қазына" қоры қазақстандықтарды осындай алаяқтардың іс-әрекеті туралы бірнеше рет ескертті.
"Самұрық-Қазына" қоры Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекешелендіру жоспары шеңберінде ІРО-ға шығаруға жататын ірі компаниялардың акционері ретінде фейк ақпаратта ұсынылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейді. Әзірге қор нарығына AirAstana және "ҚазМұнайГаз" сияқты екі компанияның бағалы қағаздарын шығару жоспарланып отыр. Бұл компаниялардың акцияларын қор нарығына орналастырудың нақты күндері әлі белгіленген жоқ және капитал нарықтарындағы конъюнктураға және компаниялардың жағдайына байланысты болады. Бұл ретте қор нарығына шығару жоспарланып отырған ұлттық компаниялардың акциялары бойынша кірістілік нарық конъюнктурасымен айқындалатынын ерекше атап өткен жөн", - деді қордың баспасөз қызметіндегілер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!