- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Қазір өзімді қауіпсіз...
“Қазір өзімді қауіпсіз сезінемін“. Бишімбаевтың сотындағы судья жеке өмірі туралы айтты
Бишімбаевтың сотында төрелік еткен судья Айжан Құлбаева бұрын қауіпсіздік үшін күзетпен жүргенін, ал қазір өзін қауіпсіз сезінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Айжан Құлбаева Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында айтып берді.
Айжан Құлбаева - Түркістан облысының тумасы, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Ол сұхбатта қызмет жолын қалай бастағанын баяндап берді.
"Әділет басқармасында оқыдым. Кейін ол сот әкімшісі болып қайта құрылды. Бастапқыда маман болып жұмыс істедім. Кейін судья болуға емтихан тапсырдым. Судья болуды қаладым. Сот жүйесіне келгенімде судьяның қаншалықты маңызды жұмыс істейтінін көрдім", - деді ол.
Айжан Құлбаева Бишімбаевтың ісі тікелей эфирде болатынын білгенде үлкен жауапкершілік артылғанын сезініпті.
"Істі зерттеп, соңына дейін жеткізуден басқа ештеңе ойламадым. Соттың тікелей эфирде өтетіні алдын ала сот отырысында белгілі болды. Біздің сот аса ауыр қылмыстарды қарайтындықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кісі өліміне қатысты істер апта сайын, тіпті күнде түседі", - деді судья.
Сот ісі кезінде оған хабарласып, қорқытпақ болған адамдар болыпты. Сол себепті 19 сәуірден бастап күзетпен жүруге мәжбүр болған. Бұл жағдай бойынша тексеру үшін қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу жүргізіліп жатыр екен.
"Қазір күзетті алып тастады. Білуімше, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеудің мән-жайын ашып айта алмаймын. Қазір өзімді қауіпсіз сезінемін", - деді судья сұхбатта.
Бишімбаевтың ісінен кейін танымал бола бастағанын да айтып өтті.
"Көшеде адамдар танып жатады. Мен амандасамын, бірақ суретке түсуден бас тартамын. Танымалдық қызметіме кедергі келтірмейді. Қылмыстық істі қарау барысында, сот отырысы кезінде менің танымалдығымның еш маңызы жоқ. Күнделікті өмірде де дәл солай. Судьялар ел алдында жүретін адамдар емес. Мен жұмыс барысында қаншалықты қатал әрі бәрін бақылауда ұстайтын адам болсам өмірде де дәл сондаймын. Ал жақындарым мені түсінеді, қолдау білдіреді", - деп ағынан жарылды судья.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева