Алматылық дәрігерлер аса ауыр жағдайдағы жүкті әйелді аман алып қалды. Күрделі отаны қалалық перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының мамандары жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Тоғыз күн бұрын болған оқыс оқиғаны Жансая еске алуға да қорқады. Өйткені, әне-міне өмірге сәби әкелемін деп отырғанында, айтып келмеген аурудан ес жия алмапты. Емханаға ештеңе ойламай, тексерілу үшін бардым деген әйел ойда жоқта жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан.
"Үшінші скринингте осындай диагноз қойды. Ісік пайда болды, қан қысымы 180-ге көтерілді. Сондықтан бірден перзентхана келіп түстім, ота жасады. "Қазір келем" деп,баламды үйде қалдырып, сыртынан есікті бекітіп кеткем. Аяқ асты осы жағдай болды", - деді науқас Жансая .
Науқас ауруханаға түскенде дәрігерлер дертке себеп болған үш факторды анықтапты. 4 сағатқа созылған күрделі отаны мықты деген мамандардан құралған бригада жасаған. Сондай-ақ орталық өкілдері мұндай жағдай көпте кездесе бермейтінін айтты. Олар үшін анықталған аурудан адамды аман алып қалу - күтпеген қуаныш.
"Ота кезінде анализдердің талдаулары бойынша науқасты преэкламсия ауруының асқынған түрі хэлп синдромы анықталды. Ол синдром сирек кездеседі. Көп жағдайда ана өліміне әкеп соқтыратын", - деді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бөлім басшысы Балзия Әбілмажинова.
Қиындықтарға қарамастан, өмірге сау бала дүниеге келді. Дегенмен, босанғаннан кейін жас ананың ес жиюы 3 күнге созылыпты. Орталық мамандарының айтуынша, өткен жылдың өзінде 9000-нан аса әйел өмірге сәби әкелген. Оның 300-ге жуығында преэклампсия диагнозы байқалған. Қазір бұл ауру жүктілік кезінде жиі кездесетін дерттің көшін бастап тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!