Он үш жылын комбайн мен трактор үстінде өткізген қызылордалық Рахима Досжанова жас кезіндегі оқиғаларды еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында тұратын Рахима апай ең алғашқы көлігі қандай болғанын айтты.
"МТЗ-50" комбайны еді. Жұмысқа жаңа кіріскендіктен, ескісін берді. Соны үш жыл бойы жүргіздім. Әуелгі кезде комбайн орнынан қозғалғанша қорқатынмын. Бірақ ешкімге білдірмеймін. Намыс жібермейді", - деді Рахима апай.
Ол маусымдық жұмыс бастаған жылы-ақ жаңа комбайнмен 13 бункер күріш тапсырып, чемпион атанған. Ал трактормен егіс басында ғана жүрмей, бүкіл ауылдың отын-шөбін тасыған.
"Ауыл тұсында дария болды. Соның арғы бетіне сексеуіл жинауға баратынбыз. Қазір мұздың үстінен қорықпай өткенімді, көлік кері жылжып кеткенде, төгіп алмайын деп алға ұмтылғанымды ойласам, денем шымырлап кетеді", - деді Рахима апай.
Ол жұбайымен бұрынғы Жамбыл совхозында еңбек еткен. Осылайша, алты баланы бағып-қағып, адам қатарына қосқан.
"Тойға да трактормен барған кездеріміз болды", - деді ол күліп.
Рахима апай бүгінде алпыс төрт жаста. Еңбек жолында жеті трактор ауыстырған.
"Трактор айдаймын" деп қыздар жиі келетін. Бірақ көп ұзамай тұрмысқа шығып кетеді", - дейді ол.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз