Қазпоштада 273 миллион теңгеден аса қаржы ұрланған

Қазпоштада 270 миллион теңгеден аса қаржы ұрланғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Қазпошта" АҚ-да ішкі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бірқатар өңірде жалпы сомасы 273 миллион теңге болатын қаржылық заңбұзушылықтар анықталды.

Қазір ішкі тексеру материалдары процестік шешім қабылдау және күдіктілерді жауапқа тарту, сондай-ақ, келтірілген шығын сомасын өтеу үшін экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Заңбұзушылық деректері қатарында жымқыру, алаяқтық, ұрлық және заңсыз сыйақы алу да бар. Барлығы 7 өңірлік филиалда 11 қылмыстық іс тіркелді.

"Қазпошта" АҚ орталықта және жергілікті жерлерде түрлі заңбұзушылық әрекеттермен күресті одан әрі жалғастырады және құқық қорғау органдарымен бұл бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!