"Қазпошта" Қазақстан халқы ассамблеясына арнап марка шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі акционерлік қоғамның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, "Естелік және мерейтойлық күндер" сериясы бойынша шығарылған марканың номиналы - 200 теңге. Марка 4 бояудағы офсетті тәсілмен жасалған.
"Блок өлшемі 104х72 миллиметр, ал марка өлшемі 52х36 миллиметрге тең, тираж 5 мың данадан тұрады. Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған марканың дизайнын суретші Сергей Маршев әзірледі", - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, Қазақстан халық ассамблеясын құру идеясын Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында алғаш рет айтқан болатын. Ал 1995 жылы 1 наурызда ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде мәртебесін айқындайтын Қазақстан халық ассамблеясын құру туралы жарлық шықты. Кейін Қазақстан халық ассамблеясы берік құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық орган болып өзгерді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ЕАЭО-ға арналған пошта маркасының шыққаны хабарланған болатын. Марка "Ұмытылмас және мерейтойлық даталар" сериясымен, 5100 данамен шықты, номиналы - 100 теңге.