Telegram-арналарда әлемде қолдан аштық жасау үшін кейбіреулер малды әдейі өлтіреді деген ақпарат тараған. Сондай-ақ, жүздеген жануардың өлексесі түсірілген кадр жарияланған. Бұл жалған, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, Қазнетте тараған ролик биыл маусымның ортасында АҚШ-тың Канзас штатында түсірілген. Онда сол кезде мал өлімі тіркелген, бірақ бұл жоспарланған шара емес, кездейсоқ болған.
Канзас Денсаулық сақтау және қоршаған орта департаменті мәліметінше, аптап пен шамадан тыс ылғал салдарынан шамамен екі мың сиыр қырылып қалған. Маусымның ортасында Канзас штатында ауа температурасы 40 градустан асқан, ылғал мөлшері өте жоғары болып, жел соқпаған. Осылайша, құрғақшылықтан мал қырылған. Осындай жағдай 2011 жылы АҚШ-та Айовада болған. Ол кезде аптаптан 4000-ға жуық мал қырылған.
Қолдан аштық жасау үшін жануарларды қасақана өлтіреді деген пікірлер негізсіз. Оларды Reuters және FactCheck.org фактчекерлері жоққа шығарған болатын. Әлемдік көшбасшылар аштық жасауды жоспарлап отыр деуге негіз жоқ.
Демек, малды қасақана өлтіретіні туралы ақпарат та жалған. Видеода көрсетілген сиырлар аптаптан және ылғал мөлшері жоғары болуынан қырылған.