Желіде отасқандарына 50 жыл болған тойын ерекше жасағандардың видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Бұл видеоны белгілі блогер Дәулет Мұқаев Instagram-парақшасында жариялаған. Онда ерлі-зайыптының той залына кіріп келе жатқаны, торт кескені, тіпті қалыңдықтың құрбыларына гүл лақтырғаны көрінеді.
"Алтын тойға жету әрқайсыңызға бұйырсын", - деп жазған блогер.
Видеодағы адамның сөзінше, бұл - олардың алтын тойы.
"Жастар келді. Қыз жолдас пен жігіт жолдас. Не болса да бүгін қызық той болайын деп тұр. Алтын той", - дейді видеодағы адам.
Видеоға олардың жақындары да пікір жазған. Жанар Өтенованың айтуынша, қыз жолдас пен жігіт жолдас олар үйленген кезде де қыз жолдас пен жігіт жолдас болған.
"Шынында да, олар анам мен әкемнің 50 жыл бұрын қыз жолдасы мен жігіт жолдасы болған. Бұйырса 1 айдан кейін олардың да алтын тойы болайын деп жатыр", - деп жазған ол.
Сондай-ақ, Желі қолданушысының бірінің сөзінше, видеодағы адамдар - оның құдалары. Ал той Ақтөбеде өткен.
"Дәулеттің көрмейтін, білмейтін, естімейтіні жоқ. Бұл той Ақтөбеде болған, біздің құдаларымыздың тойы. Өте өнегелі жұп. Керемет тойды балалары ұйымдастырған. Алтын той барша оқырманға жұғысты болсын!!!" - деп жазған Желідегілердің бірі.
Видеоға жағымды пікірлер жазылған:
"Осылай тойлау бұйырсын, екі жақтың құдалары шығып тілектерін айтып", "Тамаша, Алла әдемі қартаюды бұйыртқан екен! Бізге де жұғысты болсын", "Керемет, бақытты үлгілі отбасы болып қала берсін. Иә, әр қазақтың отбасына ешқандай қиыншылықтарға берілмей, осылай қол ұстасып бірге жүруді жазсын Алла Тағалам", "Менің құрбымның атасы мен әжесі ғой, керемет жандар өздері. Аллам ұзақ ғұмыр берсін. Бәріңізге осындай алтын той бұйырсын", - деген пікір білдірушілер.
Айта кетейік, алтын той - отбасылық өмірдің елужылдық торқалы тойы. Той кезінде алтын сақиналар жаңа сақинаға ауыстырылады.