ҚазМұнайГаз: Маңғыстау облысындағы кәсіпорындар жұмысын қайта бастады

ҚазМұнайГаз: Маңғыстау облысындағы кәсіпорындар жұмысын қайта бастады
Фото: kmg.kz

Маңғыстау облысындағы кәсіпорындар жұмысын қайта бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚазМұнайГаз-дың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір компаниялар қалыпты жұмыс істеп тұр.

"11 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-де Маңғыстау облысының бірқатар кәсіпорындары, атап айтқанда "Өзенмұнайгаз" АҚ, "Өзенмұнайсервис" ЖШС, "Бұрғылау" ЖШС жұмысын тоқтатты. Алайда бір сағаттан кейін сағат 20:00-де аталған кәсіпорындардың жұмысшылары жұмысқа шықты", - делінген хабарламада.

Бұған дейін Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Кейін Астанада наразылыққа шыққан Жаңаөзен мұнайшыларының көшбасшылары жұмысшылардың Маңғыстауға қайтатынын мәлімдеді

Еске салайық, 10 сәуірде Жаңаөзеннен Астанаға "ҚазМұнайГаз" бен "Өзенмұнайгазға" қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген 60-70-ке жуық қызметкер барып, Энергетика министрлігі ғимаратының маңында талаптарын айтты. Олар жұмыстан қысқарып қалған. Өйткені "ҚазМұнайГаз" ұйымдастырған тендерде "БерӘлі Маңғыстау Company" жеңіліп, "Кезби" және Ai-Bis компаниялары жеңген. "ҚазМұнайГаз" компаниясы жұмысшыларға тендерді жеңген екі компаниядан жұмыс ұсынған. Алайда наразылар бұл ұсынысқа келіспей, "тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек" деген еді.

11 сәуірде Астана полициясы ереуілге қатысушыларды ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген.

Әлеуметтік желіде Энергетика министрлігі ғимаратының маңында бір тәулік бойы наразылық білдіріп, түнеп шыққан жұмысшыларды арнайы жасақ әуелі кеттлинг әдісімен қоршап, кейін ұстап жатқан сәті түсірілген видео тарады.

Жаңаөзен тұрғындары Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан