11 сәуірде жаңаөзендік жұмысшылар талаптарын айтып, Энергетика министрлігі ғимараты маңына жиналған еді. Ал полицейлер акцияны ұйымдастырушы мен қатысушылар ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осы мәселеге байланысты "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау" компаниялары арасында уағдаластық жасалды.
"ҚМГ байланыс тобы мен "БерӘлі Маңғыстау Company" өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді. Ол комиссия "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талаптарын заң аясында шешуді қарастырады. Комиссия құрамына "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің 10 адамы кіреді. Құқық қорғау органдары ұстаған қалған мұнайшылар қамаудан босатылып, Астана уақыты бойынша сағат 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті", - делінген компания хабарламасында.
Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған.
Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!