Қазақстандық ерлі-зайыпты Сиднейдегі казинода 1,18 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Guardian-ға сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, 36 жастағы қазақстандық әйел казино қызметкерлерінің көзіне бірден түскен. Олар оның киіміндегі Микки Маус бейнесінде жасырын мини-камераны байқап қалған. Күзетшіге хабар берілгеннен кейін оқиға орнына полиция шақырылып, әйел мен оның 44 жастағы күйеуі ұсталған.
Тінту барысында олардан магнит зондтар, батареялар және жасырын түсіруге арналған арнайы телефон құрылғылары табылған. Сондай-ақ, ұялы телефонға жалғанатын шағын адаптер тәркіленген.
Сиднейдегі жалдамалы пәтерден қосымша ойын құрылғылары, әшекей бұйымдар және 2 мың еуро табылған.
Полиция болжамына сәйкес ерлі-зайыпты Аустралияға 2025 жылы қазанда келіп, сол күні-ақ казиноға тіркелген. Қазан мен қарашада олар бірнеше рет үлкен сомада ақша ұтып, күдік тудырған.
Тергеу нұсқасы бойынша мобильді телефондар ойын үстеліндегі карталарды жасырын түсіріп, ақпаратты құпия құлаққап арқылы жеткізіп отырған. Осылайша олар оңтайлы сәтте бәс тігіп, жүйені алдаған.
Қазақстандық жұптың ісі кепілпұл мәселесі бойынша сотта қаралды. Екеуі де бостандыққа шығу туралы өтініш бермеген, ал сот кепілмен босатудан бас тартқан.
Әйелдің ісі 2026 жылғы ақпанға белгіленген, ал оның күйеуі 11 желтоқсанда сот алдында жауап береді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!