Павлодардың №2 сотында "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ филиалының бұрынғы директоры мен бас маманына қатысты сот процесі аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оларға "Бопсалау арқылы пара алды" (Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы) деген айып тағылды. Сотта белгілі болғандай, сотталушылар параны республикалық автожолға қызмет көрсету конкурсында жеңіске жеткен мердігерден алған.
"ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ (филиал) директоры А. 2023 жылғы 29 маусымда көмекшісі – "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ (филиалының) бас маманы О. бопсалау жолымен, яғни "орындалған жұмыстар актілеріне қол қоймаймыз және Павлодар – Астана автомагистраліне қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзамыз" деп, мердігерлік ұйымнан пара ретінде 4 миллион теңге алған", - деп хабарлады Павлодардың № 2 сотының баспасөз қызметі.
Соттың мәліметінше, ұлттық компанияның Павлодар филиалының бұрынғы басшысы да лауазымдық өкілеттерін асыра пайдаланды деп айыпталған. Сотталушылар кінәні мойындамады және өздерін ақтауды сұрады.
"Жеңілдететін жағдайларды, асырауында жас балалардың болуын ескере отырып, сот сотталушы А. - ға сегіз жыл, сотталушы О. - ға жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сот лауазымдық өкілеттікттерін теріс пайдалану фактісі бойынша А. кінәсі дәлелденбегені үшін ақталғанын хабарлады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!