Батыс Қазақстан облысында қатты екпінмен қонған "Қазавиақұтқару" тікұшағында 4 адам қаза тапты. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кейінгі мәліметтер бойынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің іздеу тобы тікұшаққа жетті. Авиациялық оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - делінген хабарламада.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына барады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов та қаза тапқандар туралы ақпаратты растады.
Еске салайық, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Чапурино елді мекенінен 6 шақырым қашықтықта "ҚазТрансОйл" АҚ тапсырысы бойынша құбырды тексеру бойынша ұшқан "Қазавиақұтқару"АҚ 2022 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы қатты екпінмен келіп қонды.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов экипажбен телефон арқылы сөйлескенін, борттағылардың бәрі аман екенін хабарлаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!