Қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Күздің екінші айында Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс болады. Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Президент жолдауын жариялайды

Қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялайды. Мемлекет басшысы сөз сөйлейтін күн кейінірек нақты жарияланады.

Ақорданың баспасөз қызметі

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды

23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Қыркүйекте мөлшерлеме 16,75-тен 16,25 пайызға дейін төмендетілген болатын.

Базалық мөлшерлеме - Ұлттық банктің инфляциямен күресуге арналған басты құралдарының бірі. 

Қазақстан азаматтары қазанда қанша күн демалады?

Қазанда азаматтарды қосымша демалыс күтіп тұр. Бұл жыл сайын 25 қазанда атап өтілетін Республика күніне байланысты. Ол - Қазақстандағы жалғыз ұлттық мереке. 

2026 жылы мереке жексенбіге сәйкес келеді, сондықтан "Мерекелер туралы" заңға сәйкес демалыс күні келесі күнге, яғни дүйсенбіге (26 қазанға) ауыстырылады. Нәтижесінде бес күн жұмыс істейтін азаматтарды ұзақ демалыс (24-26 қазан аралығы) күтіп тұр. Алты күн жұмыс істейтін тұрғындар қатарынан үш күн демала алмайды. Сенбі, яғни 24 қазан - олар үшін жұмыс күні.

 

2025 жылғы мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің иелеріне 2025 жылғы мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеу қажет екенін еске салды. 

2 қазаннан бастап берешегі жойылмаған меншік иелеріне хабарлама жіберіледі. Төлем 30 жұмыс күні ішінде түспесе, салық бұйрығы жасалады. Ол 5 жұмыс күні ішінде орындалмаса, іс жеке сот орындаушыларға беріледі.

ЖИ

Мобильді аударым бойынша жаңа шекті мөлшер енгізілуі мүмкін

Қазанда бірыңғай QR деп аталатын банкаралық мобильді төлем жүйесі арқылы жасалатын аударымдар ережесі өзгеруі мүмкін. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес бір транзакцияға шекті мөлшер 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Өзгерістер қоғамдық талқылауға шығарылған.

ЖИ

Онлайн несие берілмес бұрын сұрақтар қойылады

1 қазаннан бастап азаматтар кейбір онлайн несиелерді рәсімдер алдында ақша алуды кім ұсынғаны туралы және "алаяқтар алдап жатқан жоқ па?" деген сұрақтарға жауап беруге тиіс. Шарт жасар алдында банк немесе микроқаржы ұйымы клиентке сауалнама жүргізуі керек.

depositphotos.com 

Алматыда су тарифі өседі

1 қазаннан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру тарифі өзгереді. Бір текше метр суық судың құны ҚҚС-ны есепке алғанда 178,06 теңге, ал су бұру тарифі 119,46 теңге болады. Бір текше метр судың құны су бұру қызметімен бірге шамамен 297,52 теңге болмақ. Қазір бұл тарифтер 76,56 және 47,50 теңгеге тең.

depositphotos.com

Маңдайшадағы жазуларды әкімдіктермен келісу қажет

1 қазаннан бастап маңдайшаларды орналастыру тәртібі өзгереді. Кәсіпкерлерге бұдан былай хабарлама жіберу жеткіліксіз, маңдайшаны орнатпас бұрын оның эскизін әкімдікпен келісу талап етіледі.

ЖИ 

Алматы тұрғындары көлігі айыппұл тұрағына эвакуацияланғаны үшін ақы төлеуге мәжбүр болады

4 қазаннан бастап Алматыда көліктерді эвакуациялау және оларды коммуналдық тұрақта сақтау үшін ақы төленеді. Эвакуация құны көлік түріне қарамастан 3 АЕК (2026 жылы бұл - 12 975 теңге) болады. Көлікті сақтаудың бірінші тәулігіндегі ақы - 2,5 АЕК (бұл - 10 812,5 теңге), ал одан кейінгі әрбір тәулік үшін тағы 5 АЕК (21 625 теңге) төлеу қажет.

Жаңа ережелер әкімшілік заңнаманы бұзған және арнайы тұрақтарға эвакуацияланған көліктерге қатысты.

depositphotos.com 

Астана-1 вокзалы ашылуы мүмкін

Жаңғыртудан кейін Астана-1 теміржол вокзалын қазанның аяғына дейін ашу жоспарланып отыр. Вокзал аумағы шамамен 7 мыңнан 8,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Көрнекі сурет: ҚТЖ

Ұшақтарда Wi-Fi пайда болуы мүмкін

Қазанда Қазақстанда интернетке қосылған алғашқы ұшақтар ұша бастауы мүмкін. Әуе кемелерін желіге қосу үшін Viasat және OneWeb шешімдері қарастырылып жатыр.

depositphotos.com

Ауруханалар мен емханаларда маска режимі енгізіледі

1 қазаннан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері үшін маска режимі енгізіледі. Бұл шара 2026-2027 жылдардағы эпидемиология маусымына дайындыққа байланысты және тұмау, ЖРВИ, COVID-19-дың алдын алуға бағытталған.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазанда ауа райы қандай болады?

Қазақстан аумағының басым бөлігінде қазанда орташа ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, елдің батысы мен солтүстік-батысында нормадан жоғары, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталықта және Абай облысының жазық бөлігінде нормадан аз болады деп болжанып отыр.

depositphotos.com

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!