Шетелдік брэндті қазақылап жіберетін қазекеңнің сүйікті ісі ғой. Атауын естіп, әзілге балап менсінбеген көп адам бұл көліктің тұрмыста қаншалықты көмек тигізіп жатқанын білмейді. Туындыны жасап шығарған Жамбыл облысының тұрғыны - Төлеген Юсупов. Мал шаруашылығының айналасында қызмет етіп, мал соңында адал еңбекпен нәпақасын тауып жүрген қарапайым қойшының қолынан шыққан бұл көлік сала қызметшілері үшін таптырмас көлік. Атаулы автокөлік үш дөңгелекті мотоциклден жасалған. Өте тиімді және үнемді. Құрастыру кезінде мотоциклге қозғалтқыш және рөл салған. Сыртын аллюминиймен қаптап, ішіне қуаттағыш, пеш, желдеткіш және ән тыңдауға арналған құрылғы орнатыпты. Көлік сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ал, 100 шақырымға бар жоғы 1 литр жанармай жағады. Қазақвагеннің ішіне 3 адам еркін сыйып кетеді. Бұл автокөліктің көмегімен жолсыз жазық далада өріске мал айдап, қарайлауға болады. Көлік осы мақсатта жасалды да. Төлеген мырза өзінің көлігіне дән риза. Ауыл тұрғындары да өнертапқышты көрген сайын, көңілденіп, мақтауын асырып қояды.