Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды

Мемлекет басшысы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің атынан қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

"Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіз зеңгір көкке көтерілген қазақтың тұңғыш ғарышкері атандыңыз. Еліміздің әлем алдындағы мәртебесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салалары дамуына қосқан үлесіңіз өте мол. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезіңізде терең біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңізді отандық заңнаманы жетілдіру ісіне арнадыңыз. Алдағы кезеңде еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін", - деп жазылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.

Премьер-министр Олжас Бектенов те "Отаншылдық, әділдік, заң мен тәртіп, ерлік пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде алаш жұртының адал перзенті, халқымыздың хас батыры ретінде сіздің алатын орныңыз ерекше" деген баға берді.

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы 1-май ауылында (қазір Тоқтар ауылы) дүниеге келген. Ол - қазақтың тұңғыш ғарышкері, техника ғылымдарының докторы (1998), профессор (1997), Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы (1990), авиация генерал-майоры (1992), Кеңес Одағының батыры (1988), ҚР Халық Қаһарманы (1995).

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!