Антрополог, тарихшы ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Оразақ Смағұлұлы 96 жасында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Қаралы хабарды институт директоры Зиябек Қабылдинов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Қазақ ғылымы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті ғалымның қазақ халқының төрт мың жылдық биологиялық және әлеуметтік тарихын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге бағытталған іргелі зерттеулері ұлттық ғылымның алтын қорына енді», – деді қазанамада.
Оразақ Смағұлұлы 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген. Ашаршылық жылдарындағы ауыр қасіретті бастан өткеріп, үш жасында анасынан айырылған.
1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына түсті. Ол Гинзбург, Дебец, Герасимов және Алексеев секілді әйгілі антропологтардан тәлім алды.
1965 жылы "Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Ғалымның 1970 жылы жарық көрген "Население Казахстана от эпохи бронзы до современности" кітабында осыдан төрт мың жыл бұрын Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар мен қазіргі қазақтардың қаңқа сүйектері салыстырылып, олардың антропологиялық сабақтастығы зерттелді.
Оразақ Смағұлұлы қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезін ұзақ жылдар бойы зерттеп, халқымыздың көне дәуірлерден жалғасқан тарихи және биологиялық сабақтастығын ғылыми тұрғыда негіздеуге күш салды.
«Біздің тарихымыз өз бой-бітімімізде, өз сүйегімізде таңбаланып қалған», – деген еді ғалым.
Оның ғылыми тұжырымдарының бірінде осыдан төрт-бес мың жыл бұрын қазақ жерінде өмір сүрген тайпалардың гендік ерекшелігінің үштен бір бөлігі қазіргі қазақтардың бойында сақталғаны айтылады.
1977 жылы ғалымның «Этническая геногеография Казахстана» атты зерттеуі жарық көрді. Алайда кітап кеңестік цензураның қысымына ұшырап, Орталық партия комитетінің бұйрығымен жойылған.
Зиябек Қабылдиновтың жазуынша, кейін Оразақ Смағұлұлы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына алынып, 15 жыл бойы ғылыммен еркін айналысуына кедергі жасалған.
Соған қарамастан ғалым зерттеу жұмысын тоқтатпай, саналы ғұмырын қазақ ғылымының дамуына арнады. Ол 36 экспедициялық және далалық зерттеуге қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазды.
Оразақ Смағұлұлы өмірінің соңына дейін әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымының авторларының бірі әрі бас редакциялық алқа мүшесі болды.
Ғалым қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезіне арналған бөлімдерді жазып, іргелі еңбектің дайындалуына үлес қосты.
Ол еңбектерінде қазақтардың антропологиялық ерекшелігі, тарихи сабақтастық, ұлттық сана және тәуелсіздіктің маңызы туралы тұжырымдар жасады. Оразақ Смағұлұлының қазақ халқының ата-тегі мен антропологиялық тарихын зерттеуге арналған еңбектері ұлттық ғылым мұрасының маңызды бөлігіне айналды.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Ғалымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.