Атырау облысында арбаға таңылса да көпке көмектесіп жүрген Қуат Жанесеев есімді азамат 8 мұқтаж отбасын баспаналы етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қуат - Атырау облысындағы Индер ауданы Елтай ауылынан шыққан волонтер. Ол жол апатына түсіп, 13 жылдан бері арбаға таңылғанына қарамастан, бүгінде мұқтаждарға көмектесіп, тіпті кәсіп ашып, көпке үлгі болып отыр. Ол мұқтаждарға көмек көрсету арқылы шабыт алатынын айтады.
Өмірден түңіліп, жата бергеннен гөрі "әрекет етемін" деп шешкен Қуат қайырлы істі туған ауылынан бастауды жөн көріпті.
"Ауылымда көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасы болды. Алғашында оларға тұрақты түрде азық-түлік апарып тұрдым. Ішерге ас, киерге киім таппай, ашқұрсақ болып жүрген кішкентай балалардың үйіне тамақ келгеніне қуанғанын көргенімде, ішкі дүниемде бір нәрсе төңкеріліп түскендей болды. Сол күннен бастап мен "әлсіздерге көмектесемін" деп шештім", - дейді Қуат.
Сол жылдан бері Қуат 8 мұқтаж отбасының қоныстойын тойлауына себепші болды. Оның ішінде екі баспананы "Харекет" қорымен бірлесе табыстаса, төрт баспананы әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа үндеу тастау арқылы өзі сыйлаған.
"Нұрбек Көшенов - алғаш болып баспана табыс еткен отбасының бірі. Нұрбектің көз жанары көрмейді. Ол - мүмкіндігі шектеулі азамат әрі төрт баланың әкесі. Біз баспана алып бергенге дейін Нұрбек Индер ауданындағы Есбол ауылында Жайық жағасында тұрған. Үй деуге келмейтін ескі лашықта күн көрген. Ол лашықтың өзін біреулер уақытша паналауға берген екен. Газ, жарығы жоқ лашықта бұл отбасы май шаммен отырған. Суды Жайықтан алып, ішіп отырған. Су шайып, ортасына түскен лашықтан бұл отбасының аман қалғанының өзі - үлкен жеңіс", - дейді ол.
Осылайша, ол тосынсый жасап, үй алып беруді ұйғарған.
"Балаларымен далада қалған отбасының мүшкіл жағдайын көргенімде, жүрегім езіліп кетті. "Харекет" қорымен бірлесе отырып, 5 күн ішінде Индер ауданының орталығынан жаңа баспана алып бердік. Отбасына баспаналы болғанын бірден айтпай, тосынсый жасаған болатынбыз. Сол кезде отанасы Ғалия апаның қуаныштан жылағаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Көрген сайын алғысын айтумен болады", - дейді Қуат.
Бұл Қуат жасап жатқан жақсы істердің бір бөлігі ғана. Әр күнін жақсылық жасауға арнайтын Қуат бүгінде өз маңайына ауыл жастарын, тіпті үлкендерді де біріктіріп отыр. Қазір Индер ауданында Қуаттың жетекшілігімен "Жомарт жүректер" деп аталатын еріктілер қозғалысы жұмыс істеп жатыр. Аптаның әр жұма күні мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізетін еріктілер мереке күндері ерекше балаларға көңілді кештер ұйымдастырып отырады. Бүгінге дейін бұл қозғалыс жүзден аса отбасына көмек көрсеткен.
"Қандай идея айтсам да үнемі қолдап әкететін ерікті достарыма ризамын. Өмір тек қана қиындықтардан тұрмайды. Қиындықтар, кедергілер адамға әрі қарай өсу үшін беріледі. Бастысы жақсылыққа сену және жақсы істер жолында адамдарды біріктіре алу маңызды", - деп түйіндеді әңгімесін Қуат.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!