- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақтың киіз үйі...
Қазақтың киіз үйі Lego-да. Louis Vuitton-нан шақырту алған қазақ қызы тағы да жұртты таңғалдырмақ
Ұлттық ойынды дамытып, Louis Vuitton-нан шақырту алған қазақ қызы тағы бір жаңалығымен әлемдік аренада қазақ атын шығармақ. Бұл жолғы идеясы тіпті ерекше. Massaget.kz тілшісі тың жобалар авторы Айнұр Полатовамен сұхбаттасып, алғаш болып жаңа идеясы туралы сұрады.
23 жастағы Айнұр бұған дейінгі "Талапай" атты жобасының арқасында атақты Louis Vuitton компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алған еді. Ол – қарапайым отбасынан шыққан, Ақтөбе облысының тумасы. Ұлттық идеяны насихаттаймын дегенде оның еселеген қаржысы да болмаған, дегенмен қаршадай қыздың мақсаты айқын. Соның дәлелі – "Талапайдан" кейінгі тағы бір жоба LEGO-ның қазақша нұсқасы.
Жеке архивтен
"Жапондарда өз стиліндегі LEGO бар"
- Бұл идея қалай туындады? Мұндай жоба жасауға не түрткі болды?
"Талапай" қалыптасқалы бері ұлттық ойындарды сәнге айналдырумен қатар LEGO-ның қазақы нұсқаларын әзірлеу деген ой маза бермейтін. Себебі балалардың дені оны қызыға құрастыратынын мойындау керек. Жапондар өз стиліндегі LEGO-ларды жасаса, мен де біздің сипаттағы LEGO-лардың болғанын мақсат тұттым. Алайда әртүрлі жобалардың көлеңкесінде қалдырып, шегеріп жүрдім. Шыны керек, іштей мүмкін екеніне сенімді болсам да, нақты қалай жүзеге асыратынымды білмедім".
- Ал алғашқы нұсқа қашан дүниеге келді? Көпшілік оны қалай қабылдады?
"Өткен жылды киіз үй түріндегі конструктордың сынама нұсқасымен қорытындыладым. Балалардың оны құрастыра отырып, киіз үйдің барлық бөлшегін білгенін, күнде көру арқылы қазақы танымнан алыстамағанын қаладым. Содан бері қанша шебер ауыстырғанымды білмеймін, әйтеуір, өзім қалағандай нәтиже болмады. Көршінің баласымен барып бір құрастырамын, достарыммен кездесе қалсақ, оларға жинатып қоямын. Сөйтіп не керек, әдеттегідей байқаған кемшіліктерімді түзетіп, бір дүние жасағандай болдым. "Әләуләйлім таусылса, хәләуләйлім тағы бар" демекші, конструктордың жыры бітіп, LEGO-ның әңгімесі басталды".
Жеке архивтен
"Киіз үй формасын жасау қиынға соқты"
- Бұл жұмыстың артында қанша адамның еңбегі тұр? Командаңыз бар ма?
"Жуырда жобаның продюсері пайда болып, тұтас команда құрылды. Біздің команда әртүрлі қалалардан – Ақтөбе, Павлодар, Алматы мен Қарағандыдан жұмыс істейді. Бір-бірімізден қашықта болсақ та, тығыз байланыстамыз және бірлесе жұмыс істейміз. Бұл жобаның тұрақты болуына әсер етеді. Өйткені LEGO-ны мойындату үшін алдағы уақытта көптеген бағытта коллаборациялар мен ұзақ мерзімді келіссөздер жасамақпыз. Осы жұмысты игеру барысында команданың әр мүшесіне ерекше алғыс айтам".
"Менің қызығушылығым командама да жұғып кетсе керек, үш ай бұрын "жасаймыз" деп кірістік. LEGO-ға өз идеямызды ұсынудың әртүрлі жолдарын қарастырдық. Зерттеудің нәтижесінде LEGO дизайнын жүктеуге арналған ресми сайт барын анықтадық. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез келген адам өз қиялындағы сұлбаны жариялай алады. Әрине, ережелері бар. LEGO-ның дәл сіздің дизайныңызды таңдауының да өз шарттары бар. Арнайы қосымшаға тіркеліп, сондағы LEGO бөліктерін ғана қолдана аласыз. Оның өзінде барлық бөлшекке ою енгізуге, қалағаныңыздай бұрмалауға мүмкіндік жоқ".
Жеке архивтен
- Нәтиже қандай болды? Жұмыс барысында қандай да бір кедергілер туындамады ма?
Жеке архивтен
"Бәрін ескере отырып, талай рет өзгерістер енгізіп, киіз үй түріндегі сұлбаны жасап шығардық. Бәрінен де киіз үйдің формасын қалыптастыру қиынға соқты. Себебі қолжетімді бөлшектердің өзі аздық етті. Рұқсат берілгендерін пайдаланып, талапқа сай ішкі-сыртқы мазмұны бар құрылым шығардық. Адамдардың киімі мен кейбір бөліктерге келгенде қағидаларымыздан аттап өттік. Өйткені өкінішке қарай, дәл қазақы не көшпенді стильге келетін бөліктер аз. Әрбір бөлікті жасауда өз дәстүрімізді танытуға барымызды салдық. Сұлбаны LEGO Ideas сайтына жүктеп, барлық тексерістерден сәтті өттік".
Жеке архивтен
"Көшпенділер біріккенін қаладық..."
- Бұл жоба қалай аталады? Неліктен дәл киіз үй сұлбасын таңдадыңыздар?
"Жобаның атауы – Nomad Yurt. LEGO жобаның танымалдылығы мен сұранысына аса мән береді. Сондықтан мұнда тек Қазақстан емес, көшпенділер біріккенін қаладық. Киіз үй – көшпенділерге ортақ баспана. Ол кем дегенде 500 миллион адамға таныс. Сондықтан шетелдіктердің назарын аударып жатырмыз. Мұны ресми сайттағы, тіпті көшпенділерге қатысы жоқ, алыс шетелдегі азаматтардың біздің жобамызға қалдырған оң пікірлерінен байқадық. Жобаны үш тілде жүргізуіміздің басты себебі – осы. Жоба коммерцияны көздемейді, өз идеямызды жүзеге асыруға негізгі жұмысымыздан бөлек уақытымызды арнап жатырмыз".
- Ендігі мақсат қандай? Жоба толық жүзеге асуы үшін не керек?
"Енді LEGO бұл жинақты өндіріске шығаруды қарастыру үшін 10.000 дауыс жинау қажет. Бізге кез келген адам дауыс бере алады. Ол үшін инстаграм парақшамыздағы сілтемеге өтіп, тіркелу жеткілікті. Бұл әрі кеткенде бірнеше минутты алады.
LEGO-ның көптеген жинағы LEGO Ideas негізінде жарық көрген. Оны LEGO сатылатын барлық дүкеннен байқай аласыз. Артымнан ерген іні-сіңлілерімнің шетелдің батырлары мен ғимараттарын емес, алтыбақаны мен ошағы, оюы мен сандығы бар қазақтың киіз үйін құрастырғанын қалаймын. Оның алғашқы қадамы осы болмақ".
Еске салайық, бұған дейін Айнұр Полатованың Louis Vuitton-нан шақырту алғаны жөнінде жазған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова