- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақтың киелі жерінде...
Қазақтың киелі жерінде Turkistan Marathon 2022 қалай өтті?
Биыл 30 қазанда Түркістан қаласында алғашқы Turkistan Marathon 2022 марафоны өтті. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-ның қолдауымен "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры мен "Super Sapienz" ЖШС командасы ұйымдастырды.
Жарыс Visit Turkistan аумағында өтті. Оған 20-дан аса елден келген 2000 әуесқой спортшы Түркістанның көрікті жерлерін аралай, "Керуен Сарай" жаңа туристік кешенінің жанынан әуежайға қарай жүгіріп өтіп, мәреге қайта оралды.
Жарыс сөресінде барлық қатысушыны Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан құттықтады, сондай-ақ, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков құттықтау сөзін сөйледі.
Еске салайық, трасса ресми түрде World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.
Таңғы сағат 7:30-да сөреден бірінші болып шараның ең кішкентай қатысушылары 10-14 жас аралығындағы балалар 3 километр қашықтығына жүгіріп шықты.
3 километр қашықтығына қатысушының барлығы мәреге жеткеннен кейін, сағат 08:20-да марафоншылар жарысы басталды. 42 километр қашықтығында ерлер арасында Уткиров Бахтиёр (Өзбекстан) жеңімпаз атанды. Оның мәреге жету уақыты - 2 сағат 25 минут 34 секунд. Әйелдер арасында ең жылдам жүгіріп, мәреге жеткен Айдосова Диана (Қазақстан) өз қашықтығын 3 сағат 08 минут 54 секундта жүгіріп өтті.
Марафоншылардан кейін сағат 8:25-те жартылай марафоншылар, ал 8:30-да 10 километр қашықтығына қатысушылар мен скандинавиялық жүріс қатысушылары сөреге шықты. Жартылай марафонда ерлер арасында 1 сағат 3 минут 43 секунд нәтижесімен Ахмадеев Ринас (Татарстан) бірінші болып келді. Әйелдер арасында Қалилқызы Айнұсқа (Қырғызстан) жеңімпаз атанды.
10 километр қашықтығында ерлер арасында Жанарыстанов Ержан (Қазақстан) бірінші болып мәреге жетті. Оның мәреге жету уақыты - 32 минут 23 секунд. Әйелдер арасында 34 минут 25 секунд нәтижесімен Нерознак Татьяна (Қазақстан) бірінші болып мәреге жетті.
Абсолют есепте және жас санаттары бойынша топ жарған жеңімпаздар 4 миллион теңгеден аса ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті.
"Осы таңғажайып қалада жарыстар өткізу дәстүрімізге айналады деп сенеміз. Түркістан бізді тамаша ауа райымен және керемет, ерекше атмосферасымен қарсы алды. Еліміздің түрлі қалаларында шаралар өткізу арқылы ұлттық туризмді дамытуға үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Кейінгі жылдары қаланың инфрақұрылымы жақсарды, бұл үшін қала әкімдігіне ерекше алғыс айтамыз. Барлық қатысушы мұнда жақсы уақыт өткізді деп үміттенеміз", - деді "Бірінші болу - батылдық" қорының директоры Салтанат Қазыбаева.
Мәреден кейін сахнада музыкалық топтар өнер көрсетіп, жарыс жеңімпаздары марапатталды. "Bugarabu" барабаншылар тобының, сондай-ақ, қазіргі этникалық музыка жанрындағы "Steppe Sons" жетекші қазақстандық тобының өнер көрсетуі қатысушыларды бейжай қалдырмады.
Ал жасы ең үлкен марафон қатысушы 75 жастағы Марат Балтабаев өзінің 80-ші мерейтойлық марафонын жүгіріп өтті. Жарыс нәтижелерін мына сайттан көруге болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек