Депутаттар күйеуінің туған күніне "тоқал сыйлау" трендіне наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бәйбішесі отағасын мерейтойымен құттықап, кейін қораптың ішінен хиджап киген өрімдей жас аруды сыйлыққа тарту үрдісі соңғы кезде әлеуметтік желіде жиілеп кеткен.
Қазақстанды қойып, алыс-жақын шет елдерде желдей ескей мұндай видеолар еліміздің абыройына, азаматтардың құқықтық мәртебесіне нұқсан келтіреді деп отыр мәжілісмендер. Қыз-келіншектердің бұл әрекетін депутаттар масқараға балайды. Қолданыстағы "Неке және отбасы туралы" заңда да екі әйел алу нормасы жоқ. Сондықтан көптің талқысына түскен жағдай жиілесе, әзіл-шыны аралас трендке үлес қосқандарға құқықтық жауапкершілікті арттыру мәселесі қолға алынбақшы.
"Бұл бізді төмендетіп көрсететін, ұлттық құндылықтарымызға сызат түсіретіндей жағдай. Қазақтың ғасырлар бойғы өмір сүру тәртібінде әдепсіз жағдай болмаған. Өкінішке қарай, қазір қоғамда болып жатқан, қабырғамызды қайыстырған келеңсіз жағдай. Сондықтан мен түбегейлі қарсымын. Қораппен тоқал сыйлау деген не сұмдық?!", - дейді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.
Еске салайық, бұған дейін Желіде күйеуінің туған күніне тоқал сыйлаған әйелдің іс-әрекеті қызу талқыға түскен болатын.
Видеодан ер адамның алғашында бұл жаңалыққа сенбей, әзіл ретінде қабылдап, бейнежазбаға түсірмеуді сұрағанын көруге болады. Алайда кейіннен мұның рас екенін түсінген ер адам тіпті қуанып қалды.
Желі қолданушылары ақтөбелік әйелдің мұндай сыйлығына қатысты түрлі пікір қалдырған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!