Қазақ халқының дәстүрлі түсінігіндегі ең басты құндылықтардың бірі - көбею, өсіп-өну. Қазақ баласына жекігенде де "тұқымың өскір", "тұқымың көбейгір", "тұқымың түптесін, қатының жүктесін" деп сыбаған. Халық танымында шаңырақ көтеру, отбасын құру, үйлену, ұрпақ қалдыру айтарлықтай маңызды болғанын осыдан-ақ көруге болады. Алайда қазақтың үйленуге қатысты өзге халықтан ерекшелігі де жоқ емес. Соның бірі - жеті атадан аспайынша қыз алысып, қыз беріспеу. Massaget.kz тілшісі қазақ неге бір рудан қыз алыспағанына шолу жасап көрді.
Ертеде өлімге себеп болған
Тарихтан бір-біріне ессіз ғашық болған Қалқаман мен Мамырдың оқиғасы көпке мәлім. Деректерде Мәмбетей мен Тобықты руының арасындағы жанжал екі жастың трагедиясына айналған. Өйткені Қалқаман мен Мамырдың әкелері немере ағайынды кісілер болып шығады. Осылайша, дала заңын бұзған екеу өлім жазасына кесіліп, Мамыр өліп, Қалқаман ел ауып кетеді.
"Емшек ембесе болды"
Қазақ халқының дәстүрлі таным-түсінігінде әлі күнге дейін жібі үзілмеген осы түсінік туралы толық айтылған Құралай Баудиярованың еңбектеріне сүйенсек, бұл құбылыс "экзогамиялық некелік қатынас" деп аталады. Керісінше қазір түрік, әзербайжан, күрд секілді түркі халықтарында "эндогамиялық некелік қатынас" қалыптасқан екен. Яғни бұл халықтар "бір емшек ембесе болды" деген түсінікпен ұл-қызының басын қоса береді. Ал қазақта мұндай некеге тыйым он-он екі атаға дейін де жеткен екен.
Құралай Баудиярова Қазақстанның солтүстік, шығыс аймақтарында бес-алты атаға толысымен қыз алысу кездесетінін айтады.
"Қыз алыспау себебі туыстық қарым-қатынас, алыс-беріс, өзара көмек мәселесі жеті атаға дейін сиырқұйымшақтанып барып аяқталатындықтан. Сондықтан жеті атадан кейін туыстық жақындықтан гөрі құдандалық басым болады. Ал туыстық қарым-қатынас үзілмей тұрып, аталар арасында құдалық жақындықтың іс жүзінде керегі де болмай қалады. Экзогамияның күшті сақталған жері Жетісу өлкесі", - делінген еңбекте.
Қазақ халқы жеті атаға жеткен кезде ағайын-туысты жиып, бата беріп, қыз алысып, қыз берісуге рұқсатын берген. Дегенмен этнограф Халел Арғынбаев көптеген халықта дәл осы үрдісті ұстанбауы салдарынан қан араласу, тұқым әлсіреу, ауру көбею, тіпті бедеулік артқанын айтады.
Қазақ қай жұрттан қыз алыспаған?
Қазақта жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бары айтылады. Осының ішінде қазақ халқы нағашы жұртынан қыз алыспаған. Нағашы жұртқа ананың ата-анасынан бастап барлық туысы жатады. Ағайын ішінде нағашының мәртебесі, беделі қашан да жоғары болған. Халқымызда "қыздан туғанның қиығы жоқ" деген мәтел бар. Мұның астарында қыздан туса да, алыстығы жоқ деген терең мағына жатыр. Сондай-ақ, ел арасында "өз жұртың - күншіл, қайын жұртың - сыншыл, нағыз тірегің - нағашың" деген сөз бар. Бірақ қазақта қайын жұртпен бұл байланыс өзгеше. Себебі кейде құда бала мен құдашаны айттыратын жайттар да болған.
Қазақтан өзге тағы кім жақынынан қыз алыспайды?
Қазақ халқында сақталған бұл тыйым өзге халықтарда да кездеседі екен. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, грузиндер мен армяндарда 9 атаға, қырғыздар 4 атаға дейін осы дәстүрді ұстанған.
Этнограф Надежда Дыренкова еңбектерінде моңғолдар тұқымында да жеті атадан жақын адаммен шаңырақ көтермеу сақталғаны айтылады. Тек, түр, тіл жағынан қазаққа келетін қарақалпақтарда бұл үрдіс мейлінше ұқсас. Түркі халықтары ішінен өзбектер мен тәжіктер де ертеде жақыннан қыз алыспаған. Бірақ бертін келе бұл тыйым жойылып кеткен екен.
Еске салайық, бұған дейін ертеде қазақ әйелі қандай жағдайда ажырасуға құқылы болғаны туралы жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!