- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақтың Snoop Dog-ы"....
"Қазақтың Snoop Dog-ы". Желіде танылған қара шал кім?
Желіде Qara Shal есімді рэпердің бейнебаяны тарап жатыр. Онда ерекше образдағы орындаушының халық тағдырына қатысты әнді заманауи стильде орындайтыны, арасында жастарға қосылып билейтіні көрінеді. Бір ерекшелігі әртіс туралы ешқандай толық ақпарат жоқ. Оның жасы қаншада екені белгісіз. Оның үстіне ол шынында да шал ма, әлде жай ғана образ ба, бұл да анық емес. Massaget.kz тілшісі әншімен сұхбаттасып, өзі, шығармашылығы туралы сұрады.
Qara Shal YouTube-арнасы 14 қазанда ашылған. Qara Shal атты орындаушының Aitam әнінің бейнебаяны да дәл осы күні жариялаған. Видео 11 мың қаралым жинаған.
Өлеңнің сөздерінде халықтың тіршілігі, жай-күйі туралы мәселелер көтерілген.
"Ұлы Дала қараңғылықта,
Түгесілер түрі жоқ.
....Қалың қазақ ай,
Жаның азап ай.
...Ұшып кеткен бақыт құс,
Қайтып қолға қонар ма?
...Ұл-қыз өсті аптыға,
Танымайды Хақты да.
Асан қайғы атамыз Жерұйығын тапты", - делінген өлеңде.
Желіде де оның бұл өлеңі қызу таралып, талқыланып жатыр.
@the_aizar Рэпер в этно стиле #рекомендации #хипхоп #казахи ♬ Pavor [Hip Hop] - Instrumental - Cuarta Pared Studio
Желі қолданушыларының сөзінше, бейнебаянда пайдаланылған түрлі жазулар - көне түркінің жазуы, яғни руна жазуы, оның ішінде Енисей бойынан табылған руна жазу. Сондай-ақ, видеодағы рэперді америкалық рэп орындаушы, Snoop Dogg атымен танымал Келвин Кордозар Бродусқа, қазақстандық Жан Ахмадиевке ұқсатқандар да табылған.
Видеодан алынған кадр
"Руна жазуымен керемет жасаған", "Енисей рунасы", "Рэп - біздікі. Бізде қашан да неше түрлі термелер болған", "Қазақтың Snoop Dog-ы", "Сөзің тыңдасаңдар "халқымыздың дымы жоқ, ақиқат жоқ, жүрегімізде иман жоқ, болашағымыз жоқ, шаршадық мына биліктің өтірігінен" деп айтып жатыр ғой", "Жан Ахмадиевтің атасы емес пе?" - деп жазған пікір білдірушілер.
Алайда пікірлер арасынан видеодағы адам ата екеніне күмәнмен қарағандар да бар.
"Бәрі мұның грим екенін және ол ата емес екенін түсінеді, бірақ стилі бомба", - деп жазған Желі қолданушысы.
Сондай-ақ, видеода "Тақиялы періште" фильмінен де бір фрагмент пайдаланылған.
Видеодан алынған кадр
Расында да, бұл рэп орындаушының кім екені белгісіз, жұмбақ. Instagram желісінде qarashal деген атпен парақша ашылған. Оған небәры 408 адам тіркелген.
"Тұңғыш рет көне түрік жазуы бұқаралық поп-мәдениетке жаңа әрі ешкім күтпеген музыкалық жобада "этно-хоп" стилінде еніп отыр", - делінген жазбаларының бірінде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Qara Shal есімді рэпердің айтуынша, жасы бойынша хип-хоп жанрында өнер көрсететіндерден ерекшеленеді. Сондай-ақ, ол неге Qara Shal деген атты таңдағанын түсіндірді.
"Осы уақытқа дейін мені ешкім танымаған, тіпті ақсақалдан "этно-хопты көріп, естиміз" деп те ойламаған. Бірақ жасыратын несі бар, жасым мен басқа параметрлерім бойынша мен хип-хоп жанрында өнер көрсететін жігіттердің жалпы тобынан айтарлықтай ерекшеленемін. Сондықтан мен шал болдым, алайда халықтың тағдыры туралы тәрбие сөздермен шынайы баяндайтын шалмын. Қазақтың осындай тәрбие сөздері "қара сөз" деп аталады", - дейді ол.
Алайда ол нақты жасын атамады әрі музыка әлеміне тосыннан келгенін әңгімеледі.
"Мен шынымен де жас емеспін және бұл өмірде көп нәрсені көрдім. Музыка әлеміне күтпеген жерден келдім. Бұл рас, өйткені менің музыкалық шығармашылыққа тікелей қатысым жоқ. Бірақ мен тарихты, әсіресе, ата-бабам - Ұлы дала көшпенділерінің тарихын жақсы көремін. Мен қара шалмын, неономадпын", - дейді рэпер.
Ол өнердегі болашаққа арналған жоспарын айтты.
"Менің жоспарым - музыканың, атап айтқанда, жасөспірімдер мен жастарға бағытталған хип-хоп субмәдениетінің, шын мәнінде, жас немесе шығармашылық шекарасы жоқ екенін көрсету", - деді ол алдағы жоспары туралы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова