"Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниясы "Қазақтелеком" АҚ басқарма мүшелері жалпы 422 млн теңге сыйақы алған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде деуге болады. "Самрұқ-Қазынаның" еншілес "Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан 2 есе көп бонус алған. Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған", - деді депутат Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Ерлан Саировтың пікірінше, "Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының еншілес кәсіпорны болып саналатын "КАЗ КЛОУД" компаниясының басшылығы да жомарттардың қатарында.
"Біріншіден, тең құрылтайшы болып саналатын "Қазақтелеком" өзінің үлесін, жеке серіктестікке беріп жіберген. "Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?" деген сұрақтар туындайды. Екіншіден, осы "КАЗ КЛОУД" команиясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, премия ретінде бір жылда 336 млн теңге алған. "Қазақтелеком" басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді! Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық?", - деді ол.
Осыған байланысты депутат Бас прокуратурадан "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен оған еншілес компанияларға тексеру жүргізуді сұрады:
"Самрұқ-Қазынаның" өз менеджментіне "асыра сілтеп" премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
"Самрұқ-Қазынада" құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажетін анықтау;
"Самрұқ-Қазынаның" қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз