Қазақтардың ар-намысын қорлап, ұлтаралық араздық тудырған павлодарлық сотталды

Қазақтардың ар-намысын қорлап, ұлтаралық араздық тудырған павлодарлық сотталды
Фото: pixabay.com

Павлодарда WhatsApp арқылы қазақ ұлтының ар-намысын қорлап, хабарлама жазған ер адам сотталды - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодардағы №2 соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот 2023 жылғы 24 сәуірде К.В.-ға қатысты ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намыс пен қадiр-қасиеттi қорлау фактісі бойынша  қылмыстық істі қарады (ҚК 174-бабының 1-бөлігі).

"2023 жылдың 1 қаңтарында К.В. масаң күйде WhatsApp мессенджерінің жалпы тобына ұлттық алауыздықты қоздыруға және қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған 3 дауыстық хабарлама жолдады", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденген. 

К.В. кінәсін мойындады және бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Іс бойынша Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігінде негізгі жаза ретінде ең жоғары мерзім 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

"Жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығын, кінәсін толық мойындауын және шын жүректен өкінуін, асырауында екі жас баланың болуын ескере отырып, сот К.В.-ға – 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деп хабарлады ведомство.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан