Қазақтар туғаннан өлгенге дейін пара береді - депутат

Қазақтар туғаннан өлгенге дейін пара береді - депутат
Фото: әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстанда барлық салада жемқорлық қаупі барын, тұрғындар туғаннан өлгенге дейін пара беруге мәжбүр екенін ашына айтты,, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, елімізде жемқорлық деңгейі әлі жоғары, тұрғындар мәселесін шешу үшін әлі пара беріп жүр.

"Жемқорлық барлық салада кездеседі. Бала дүние келгеннен бастап, адам қайтыс болғанға дейін (пара беру мәжбүрміз - еск.). Сөздің ашығы керек. Құдай сақтасын, адам өлсе, Алматыдағы таудың, "Кеңсай" зиратының маңайы... Одан кейін бала дүниеге келгенде жақсы дәрігер, перзентхана керек деп тағы іздейді. Бұдан соң балабақша, мектеп бар. Бала университетке барады. Осыдан соң ол үйленіп, отбасы болады. Осы кезде оларға үй керек. Оны алу үшін үйдің кезегіне тұру қажет. Жұмысқа орналасады. Осы саланың бәрінде жемқорлық бар.

Әсіресе, маған Қызылорда облысы, Шымкент қаласынан (тұрғындар - еск.) көп хат жазады. Мысалы, жай ғана еден жуушы болып, жұмысқа орналасу үшін 500 мың теңге, ал мұғалім болу үшін 1-1,5 млн теңге сұрайды екен. Ондай хаттар өте көп", - деді Дәулет Мұқаев Мәжілісте.

Осыған байланысты ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов сұрақ қойды.

"Мен (хат иелеріне - еск.) Антикорға хабарласыңдар деп жауап беремін. Енді сол 1424 нөміріне хабарласқанда алгоритм қалай жұмыс істейді?" - деді депутат.

Саян Ахметжанов жемқорлыққа қылмысына қатысты нақты дәлелдер болса, қылмыстық іс қозғалатынын жеткізді.

"1424 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болады... Жемқорлық фактісі нақты болса, оның арызы тіркелуі керек. Ол адам арыз жазуы шарт. Жай айта салса, ары қарай (жұмыс істей - еск.) алмаймыз. (Нақты жемқорлық дерегі болса - еск.) бұл талдау емес, қылмыстық іс саналады. Осыған байланысты жедел тергеу жүргізу керек. Мұндай жағдай анықталса, қылмыстық іс тіркеліп, (тергеу - еск.) жүргізіледі. Оған еш күмән болмауы керек", - деді Антикор өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы жемқорлықпен қалай күресу керегін айтты. 

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz