- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақтар қандай ойынға...
Қазақтар қандай ойынға мықты? - Киберспортшымен сұхбат
Елімізде киберспорт қалай дамып жатыр? Қазақ балалары қандай ойындарға әуес? Киберспортшы қанша табыс таба алады? Әлем танитын қазақ киберспортшылары кімдер? Massaget.kz тілшісі YouTube-те бір миллионнан астам оқырманы бар киберспорт сарапшысы Берден Саринмен сұхбаттасты.
- Берден, сіз кибертспорқа қалай келдіңіз?
Мені бала кезімнен геймингке қатты қызықтым әрі бейім болдым. Кішкентай кезімде елімізде де гейминг кеңінен тарап, трендке айнала бастады. Жалпы, мені киберспортқа мобильді ойындар әкелді. Free Fire ойнын ойнап, әлеуметтік желіге контент түсіре бастадым. Контентім өте сәтті шықты, сол кезде танымал студиялардың көзіне түстім. Осылайша 2019 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына шақырту алып, әлемдік чемпионатқа бардым. Сол жылдан бастап өмірімде түбегейлі өзгеріс болды, әртүрлі киберспортқа қатысты іс-шаралар мен жиынға жиі шақыру алатын болдым. Ол жерге сарашы, комментатор ретінде қатыстым. Қазіргі таңда еліміздің киберспортын медиа жағынан кеңінен насихаттауға күшімді салып жатырмын.
Фото: Берден Сариннің жеке мұрағатынан
- Қазақтардың әлемдік киберспортта жетістігі қандай? Сарапшы ретінде қазақстандықтардың қандай ойынға икемді екенін байқайсыз?
Жалпы, Қазақстанда халқымыздың саны көп болмаса да танымал ойыншылар көп. Басқа елдермен салыстырғанда бәсекелестік жағынан еліміз алда келеді. Сондықтанда басқа спорт түрлері секілді кибеспортта да талантыларымыз аз емес. Мәселен, әртүрлі бағыттағы ойындардан, оның ішінде көпке мәлім Counter-Strike-те отандық командалар түрлі чемпионаттарда бірнеше рет жеңімпаз атағын алды. Dota 2 the international ойнында екі қазақ баласы, оның ішінде Entity командасының ойыншысы Әлімжан Исламбеков (watson есімімен танымал) бүкіл әлем біледі. Кез келген ауқымды турнирлерде қазақтар бар деуге болады. Тіпті PUBG Mobile пен Free Fire алсақ, онда да қазақстандық командалар жетіп артылады. Мысалы, PUBG-та Konina Power мықты өнер көрсеткен болатын. Қазақстандық жасөспірім команда мобильді Garena Free Fire ойнынан Сингапурде 4-ші орын иеленген еді. Ойлаңызшы, олардың кейбірі мектеп оқып жүр, ал кейбірі студент жасында болған.
Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси жағдайда байланысты халықаралық дәрежедегі турнирлер азайып қалды. Негізі 2022 жылға дейін киберспорт қарқынды дамып келе жатқан болатын. Ал, қазақ жастарының икеміне келер болсақ, олар ұрыс, атыс-шабысқа икемді дер едім. Отандастарымыздың стратегия әрі реакциясы да мықты болып келеді. Өзім жиі бақылайтын Battle royal жанрында көп көзге түсіп жатады.
- Қазақстандық киберспортшының айлық табысы шамамен қанша мыңнан басталып, қаншаға дейін таба алады?
Мұндай нақты мәлімет жоқ, алайда ТМД елдері арасында ұйымдастырылатын сайыстардың жүлде қоры көп болмайды. Оған киберспортшылар өзінің қабілетін шыңдап, оны жоғалтып алмау үшін қатысып отырады десем артық айтпаймын. Басында айтқанымдай, әлемдік саяси шиеленісте турнирлердің ұйымдастырылуына әсерін тигізді.
Киберспортшы нақты бір айда осынша пайда табады деп кесіп айта алмаймыз. Ол турнирдің ауқымдылығы мен ұйымдастырылуына байланысты. Мәселен, жақында ғана Qazaq Cybersport Federation Астанада турнир ұйымдастырған болатын. Онда жүлде қоры 7 миллион теңге болды. Ал, Counter-Strike ойнынан бірінші орынға 1 миллион ойнатылса, екінші орынға 500 мың берілді. Dota 2 ойнындағы жүлде қоры да дәл солай болды. Mortal Kombat 1 ойнында жеңімпаздарға 300-500 мың теңге берілді. Бұл – Қазақстанның ішінде ұйымдастырылған турнирлер. Мәселен, Dota 2 ойнынан қазақстандық Әлімжан Исламбеков ресми мәлімет бойынша осы уақытқа дейін 112 353 доллар табыс тапқан.
- Компьютер мен смартфонмен ойын ойнап, табыс тапқанда қоғам түсінбей жататын кездер бола ма?
Иә, қоғам кейде киберспорт саласын түсінбей, қабылдамай жатады. Әсіресе, ересек адамдар киберспорттың не екенін, одан қалай пайда табуға болатынынан бейхабар. Күндердің күні балалары халықаралық ірі турнирлерді ұтып, жақсы табыс әкелген кезде ғана әке-шешесі мен туыс-туғандары мойындайды. Яғни нәтиже көрсетуге тиіс, сонда ғана қоғам ұғынады. Сондықтан киберспортты барынша дұрыс түсіндіруіміз керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Ордабаев