Атырау облысы Жылыой аудандық орталық мешітіне келіп, Ислам дінін қабылдаған Венгрия азаматы Арато Шандор неге мұндай шешім қабылдағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Қазақстанда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүр.
"Бірнеше жылдан бері Қазақстанда, соның ішінде Теңіз кенішінде жұмыс істеймін. Маған қазақ халқының ерекше бауырмалдығы, меймандостығы ұнады. Қазақ халқында ерекше бір кеңшілік бар. Олар қашан да басқаға көмектесуге дайын тұрады. Жергілікті азаматтармен араласа келе, олардың Ислам дінін ұстанатынын білдім. Ислам бүгінгідей алмағайып заманда адам баласына керек кемелділікті, ұстамдылықты насихаттайтын дін болғандықтан, осы дінге деген қызығушылығым оянды. Оның үстіне жұбайым қазақ ұлтынан әрі бес уақыт намазда", - дейді Арато Шандор.
Ислам дінін біраз уақыт бойы зерттеген Арато Шандор мұсылмандықты мешітте қабылдауды ұйғарған екен. Жылыой аудандық орталық мешітінде имамдар Арато Шандорға Ислам діні, мұсылманның парызы, кемел адам туралы насихат айтып, оның сауалдарына да жауап берген.
Рамазан қарсаңында Ислам дінін қабылдаған Арато Шандор оразаға дайындыққа кірісуді жоспарлап отыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!