- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанның үздік ауыл...
Қазақстанның үздік ауыл әкімі аталды
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев "Үздік ауыл әкімі" республикалық байқауының жеңімпаздарымен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ауылдық округ әкімдері арасында "Үздік ауыл әкімі" республикалық конкурсы өткізілді.
Конкурсқа қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округінің әкімдері өтінім берді. Облыстардың арасында Қостанай облысынан 14 әкім, Солтүстік Қазақстан облысынан 12 әкім, Жамбыл облысынан 12 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.
Өңірлік кезеңге қатысушылар ауылдық жерлерде халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды қорғап, экономикалық және әлеуметтік әсері бар ауылды дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді. Екінші кезеңде ауыл әкімдерінің проблемалық жағдайлар бойынша ситуациялық кейстерді шешу қабілетіне баға берілді.
Конкурс қорытындысы бойынша Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрсейтов Нұрбақыт Дәулетбекұлы "Үздік ауыл әкімі" атағын иеленді.
Шардара ауданы әкімі аппаратының ресми сайты мәліметінше, ол 34 жаста. 2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған.
Екінші орынды Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровск ауылдық округінің әкімі Вячеслав Николаевич Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанұлы Әбшанов ие болды.
Сондай-ақ, Шығыс-Қазақстан облысы Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округінің әкімі Агланбеков Арыслан Орынбасарович - "Үздік шаруашыл әкім", Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылдық округінің әкімі Муханалиева Зауре Казанбаевна - "Ашық әкім", Солтүстік-Қазақстан облысы Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Добромирова Гульмира Оразбаевна - "Үздік әлеуметтік жоба" номинацияларының иегерлері атанды.
Байқау жеңімпаздары мен номинация иегерлері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының құрмет грамотасымен марапатталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек