- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанның үш қаласында...
Қазақстанның үш қаласында 500 есірткі орамы табылды
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында байланыссыз жасыру әдісімен марихуана және гашиш есірткі құралдарын сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жоғарыда аталған интернет-дүкеннің операторы және курьері болған Орал қаласының екі тұрғыны ұсталды.
Атырау, Орал және Ақсай қалаларында олар бұрын жасырып кеткен 500-ден астам есірткі орамы тәркіленді. Айта кету керек, олардың 300-ден астамы Атырауда Жайық өзенінің жағасындағы қоғамдық орындардан табылды.
Қазіргі таңда есірткі дүкенін ұйымдастырушыны анықтау және оны бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі интернет-дүкендердің 19 ұйымдастырушысын, 105 оператор мен 297 есірткі жасырушыны ұстады. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3500 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды", - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина