Шымкентте мұғалімдер күніне арналған USTAZ CUP республикалық пікірсайыс турнирі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оған Қазақстанның барлық өңірінен 20 команда қатысты. Қатысушылар арасында мұғалімдер ғана емес, мектеп директорлары да болды.

Шараны Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қолдауымен Ozgerteam қоры ұйымдастырды.
Ozgerteam қорының директоры Мұрат Жұманбайдың айтуынша, пікірсайыс оқушыларға сыни ойлау мен пікірталас жүргізу қабілетін дамытуға көмектеседі, ал мұндай турнирлер педагогтерді тәжірибе алмасуға ынталандырады.
"Біз үшін өз жұмысында пікірсайыс технологияларын қолданатын және мектептегі пікірсайыс қауымдастығының дамуына елеулі үлес қосатын педагогтерді қолдау және ынталандыру өте маңызды. Ustaz Cup ең озық педагогтер пікірталас өнерінде жарысып қана қоймай, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің үздік әдістемелері бойынша тәжірибе алмасатын алаңға айналуды көздейді", - деді Мұрат Жұманбай.
Пікірсайыс білім беру мен тәрбиені, одан бөлек мектептердегі жасанды интеллектінің рөлі, парламенттік реформа, патриоттық тәрбие тақырыптарын қамтыды.

Финалда мектеп директорларының командалары кездесті. Шымкент қаласының педагогтері - "Байтұрсынұлы" командасы жеңімпаз атанды, олар 500 мың теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды. Екінші орынды Ақмола облысының "Шың" командасы иеленсе, үшінші орынды Қызылорда және Түркістан облыстарының педагогтері бөлісті.
"Біздің университеттің "Ақиқат" пікірсайыс клубы 23 жыл ішінде 100-ге жуық пікірсайыс турнирін ұйымдастырып, жыл сайын республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетеді. Қазір клуб жастарды пікірсайыс мәдениетіне үйретіп қана қоймай, олардың зияткерлік қабілетін дамыту, шешендік өнерге үйрету және еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыс істеп келеді", - деді Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін уақытша атқарушы Ернар Иманғалиев.

Турнирде шымкенттік "Байтұрсынұлы" командасы жеңіске жетті. Оның құрамында №1 TALANT мектебінің директоры Рахат Арғынбай және SEITZHAN school директорының орынбасары Думан Әсембек бар. Оларға бас жүлде, яғни 500 мың теңге берілді.
Екінші орынды Ақмола облысының "Шың" командасы иеленді. Оның құрамында Зеленый Бор ауылы мектеп-гимназиясының директоры Мейрамбек Рахымжанов және Ұрымқай ауылының мектеп директоры Алтынбек Дағыстан болды. Олар 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
2 фракция - Қызылорда облысының "Маша мен аю" командасы ("Сыр жұлдыздары" шығармашылық-инновациялық академиясының мұғалімі Айжан Орынбасар, Қызылорданың 125 High school мұғалімі Набат Думан) және Түркістан облысының "Бәйдібек" командасы (Талант мектебінің мұғалімі Раман Байбатша, Бәйдібек ауданы Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернаттың мұғалімі Дархан Түзубек) 3-орынға, оған қоса 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Семейдегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия мұғалімі Бинұр Ахатқызы турнирдің үздік спикері атанды, ол 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты жеңіп алды.
Турнирдің үздік төрешісі атанған Дінмұхаммед Таңсық 50 мың теңгеге ие болды.

Ұйымдастырушылар турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Анықтама: Ozgerteam қоғамдық қоры Қазақстанның мектептері мен колледждерінде пікірсайыс технологияларын дамыту және тарату бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр. Ustaz Cup қор ұйымдастырған жалғыз турнир емес. Маусымда Таразда AuylCUP ұлттық пікірсайыс турнирі өткізілді, оған өңірлік іріктеу турнирлерінде жеңіске жеткен, тек ауылдық мектептерден келген пікірсайыс командалары қатысты. Қазанда Ұлттық мереке – Республика күніне орай JasRepublicCUP ұлттық пікірсайыс турнирін өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қарашада жұмысшы мамандықтар жылы аясында қор Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен бірлесіп, колледждер арасында ұлттық пікірсайыс турнирін – Adal Enbek CUP-ты өткізуді жоспарлап отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова