12 желтоқсанда Астанада Қазақстанның пікірсайысшылары дәстүрлі құрылтай аясында мектептегі пікірсайыс қозғалысының дамуының биылғы қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс-шараны екінші жыл қатарынан "OzgerTeam" қоғамдық қоры Қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, Оқу-ағарту министрлігі және Orta жеке меншік қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Дәл бір жыл бұрын өткен алғашқы пікірсайыс құрылтайында делегаттар 12 желтоқсанды Қазақстандағы пікірсайыс қозғалысының бейресми мерекесі - "Пікірсайысшылар күні" деп жариялаған болатын.
Сондықтан биылғы форум мереке ретінде өткенімен, делегаттар пікірсайыс технологияларының ел көлемінде кеңінен дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер мен тосқауылдарды да талқылады. Елдің барлық өңірінен келген делегаттар мектептерде пікірсайыс клубтарын құру, дамытуды ынталандыруға бағытталған барлық ұсынысты бір құжатқа біріктірді. Бұл құжат жұмыс барысында пайдалану үшін Оқу-ағарту министрлігіне жолданады.
Сонымен қатар, құрылтай қатысушылары Қазақстандағы мектептердегі пікірсайыс қозғалысын дамыту туралы Манифест қабылдады. Онда пікірсайыс технологиялары тек оқытудың емес, сондай-ақ, жас ұрпақты тәрбиелеудің, тұлғаны жан-жақты дамытудың және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың ең тиімді құралдарының бірі екені нақты көрсетілді.
Пікірсайыс қауымдастығының моральдық-этикалық шеңбері мен пікірсайысшылардың құндылықтарын айқындайтын базалық құжат ретінде Манифест барлық мектеп пен колледжге жолданады.
OzgerTeam қорының құрылтайшысы әрі директоры Мұрат Жұманбай келесі жылы Қазақстанда пікірсайыс тарала басталғанына 30 жыл толатынын атап өтті.
"Пікірсайыс технологияларының әлеуетін Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөлетін адам капиталын дамытуда одан әрі кеңінен ашуға болады деп сенемін. Пікірсайыс клубы пікірсайыс қозғалысының негізгі элементі ретінде әрбір мектепте жастардың кәсіби және икемді дағдыларды меңгеруіне ғана емес, адалдық, әділдік, еңбекқорлық сияқты құндылықтарға бейілділігін қалыптастыруға мүмкіндік береді", - деді ол.
II мектептік пікірсайыс клубтарының құрылтайына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, пікірсайыс қозғалысының түлегі Асхат Аймағамбетов құрылтай қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде білім беруді дамытудың жаңа үрдістері, әсіресе, жасанды интеллект технологияларымен байланысты бағыттар туралы айтып өтті.
"Жасанды интеллект - тек құрал. Оны тиімді пайдалану адамның даму деңгейіне тікелей байланысты. Ал пікірсайыс жастарды жан-жақты дамытып, білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сондықтан пікірсайысты таңдау - дұрыс жолды таңдау", - деп түйіндеді ол.
Асхат Аймағамбетов 2024 жылы өткен алғашқы пікірсайыс құрылтайында "Пікірсайыс жанашыры" қоғамдық марапатына ие болған. 2019 жылы оның бастамасымен "Мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы пікірсайыс қозғалысы" жалпыұлттық мәдени-ағартушылық тұжырымдамасы бекітіліп, бұл қозғалыстың жүйелі дамуына серпін берген.
Биыл "Пікірсайыс жанашыры" марапаты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ауыл" партиясының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық университетінің құрылтайшысы Ерболат Саурықовқа және Respublica партиясы орталық аппаратының басшысы Жанат Ысқақовқа табысталды. Бұл тұлғалар OzgerTeam қорының пікірсайыс қозғалысын жетілдірудегі саяси институттармен жемісті ынтымақтастығына маңызды үлес қосты.
Мәселен, Respublica партиясының қолдауымен екі жыл қатарынан барлық өңірде іріктеу турнирлерімен бірге 3 мыңнан аса оқушыны қамтыған JasRepublic CUP ұлттық пікірсайыс турнирі өткізілді. Ал "Ауыл" партиясымен бірлесіп, биыл алғаш рет AUYL CUP ұлттық турнирі ұйымдастырылып, оның іріктеу және финалдық кезеңдеріне 1 200-ден аса ауыл мектебінің оқушылары қатысты.
Сондай-ақ, құрылтайдың арнайы қонағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ауыл" партиясының мүшесі Жигули Дайрабаев құрылтай қатысушыларын мерекемен құттықтап, жас пікірсайысшыларға өз тілегін білдірді.
Respublica партиясы атынан орталық аппаратының жастар бағдарламаларының үйлестірушісі, жастар қанатының өкілі Азат Теңгебаев сөз сөйледі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов делегаттар қойған барлық сұраққа жан-жақты жауап беріп, ведомство құзыреті аясындағы шешімдерді талқылады.
Құрылтай барысында өңірлердегі пікірсайыс инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ең белсенді педагогтар мен үйлестірушілер де марапатталды.
"Пікірсайыс көшбасшысы" номинациясымен Алматы облысының дене шынықтыру, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім беру орталығының өзін-өзі басқару бөлімінің басшысы Дамир Валиханов, Орал қаласының Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі Ерсұлтан Жалмұқан және Қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының балалар мен жасөспірімдер қозғалысын үйлестіру бөлімінің сарапшысы Дәулет Нүркен марапатталды.
Сонымен қатар, форум аясында Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасын қолдау мақсатында OzgerTeam қоры ұйымдастырған Tazalyq – Sanadan республикалық байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Байқаудың басты талабы тазалық пен ұқыптылықты сана деңгейінде қалыптастыруға бағытталған ең креативті әрі тиімді іс-шараны ұйымдастыру және оны кеңінен насихаттау болды.
Ұлттық байқауға мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары жанындағы 110 пікірсайыс клубы қатысып, жалпы саны 3 мыңнан аса пікірсайысшы қамтылды. Қатысушылар 100-ден аса эко іс-шара, 45 пікірсайыс турнирі, 33 сенбілік, 8 экофест, сондай-ақ, олимпиадалар, квестілер, экоакциялар мен челлендждер ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар туралы бейнероликтер 500 мыңға жуық қаралым жинаған.
Байқау жеңімпазы әрі 500 мың теңге көлеміндегі бас жүлденің иегері - Балқаш қаласындағы Политехника колледжінің "Жұлдыз" пікірсайыс клубы. Клуб 400-ге жуық студент пен педагогті қамтыған "Макулатура-2025" экологиялық акциясын өткізді.
Екінші және үшінші орындарды Қызылорда қаласындағы мамандандырылған лицейдің GOLDEN WORDS пікірсайыс клубы мен Шымкент қаласының SHYN пікірсайыс клубы өзара бөлісті.
GOLDEN WORDS командасы экофестиваль, телекөпір, сенбілік, пікірсайыс турнирі, шығарма байқауын өткізіп, эко-бұрыш жасақтаса, SHYN командасы #ТазалықСанадан челленджі бар бейнеэстафетаны іске қосып, оған еліміздің әр өңірінен 20 мектеп қолдау білдіріп, өз бейнероликтерін әлеуметтік желіде жариялады.
Байқау пікірсайыс қауымдастығының жалпыұлттық үрдістер мен мемлекеттік бастамаларға белсенді әрі жасампаз үлес қоса алатын күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
OzgerTeam қорының құрылтайшысы Мұрат Жұманбай биыл өткізілген барлық турнирде "Заң мен тәртіп", "Адал азамат", "Әділетті және Таза Қазақстан", өзге де ұлттық бастамаларға қатысты резолюциялар талқыланғанын атап өтті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз