Республика күні қарсаңында Астанада Қазақстанның үздік пікірсайысшылары жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
18-19 қазан аралығында Астанада мектеп оқушылары арасындағы JasRepublicCup ұлттық дебат турнирі өтті. Турнирдің мақсаты - жасөспірімдерді елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының негізгі бағыттарын талқылауға тарту.

Қазақстанның барлық аймағынан келген 40 фракция құрамындағы 120 үздік спикер "Заң және тәртіп" қағидасын іске асырудың; жасанды интеллектіні енгізу және сандық елге айналудың тиімді тетіктерін ұсынды; сондай-ақ, азаматтарда үнемділік дағдыларын қалыптастырудың ұтымды жолдарын талқылады.

Сонымен қатар, турнирдің бір раундында пікірсайысшылар болашақ парламенттік реформаның үздік моделін жасауда жарысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осылайша дебат қауымдастығы болашақ парламенттік реформаны талқылауға алғашқылардың бірі болып үн қосқан.
"Әділ, таза және қауіпсіз Қазақстан" тақырыбындағы турнир OzgerTeam қоғамдық қоры мен Қазақстан Республикасы Қосымша білім беру республикалық оқу-әдістемелік орталығы, Respublica партиясы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және Orta жеке қорының қолдауымен ұйымдастырылған.

OzgerTeam қорының құрылтайшысы және директоры Мұрат Жұманбай JasRepublicCup турнирі дәстүрге айналып, екінші рет өткізілгенін атап өтті.
"Мектеп пікірсайысшыларының қазіргі буынының дайындық деңгейі мен дағдылары оларға жай ғана пікір таластырып қоймай, сонымен қатар, еліміздің дамуының негізгі мәселелерін іске асыруда өздерінің үздік кейстерін ұсынуға мүмкіндік береді", - деді ол турнирдің ашылу салтанатында.

Шараның ашылу салтанатында Respublica партиясы фракциясынан Мәжіліс депутаттары Олжас Құспеков пен Динара Наумова сөз сөйледі.
"Біз Қазақстанның жаңа буынын көріп отырмыз: білімді, батыл, әлемге ашық. Біздің мақсатымыз - жастарды жай ғана тыңдау емес, оларға өзін көрсетуге нақты мүмкіндік беру", - деді Respublica партиясы орталық аппаратының өкілдері.
Биылғы турнир де екі кезеңнен тұрды: 2 мыңнан аса адам қатысқан іріктеу турнирлері мен 200-ге жуық адам қатысқан ұлттық кезең.
Турнирдің барлық раунды әлем мен Еуропа чемпионаттарында қолданылатын әлемдік мектеп дебат форматы (WSDF) бойынша өткізілген.

Турнирдің жалпы жүлде қоры - 2 300 000 теңге. Екі күндік зияткерлік сайыс нәтижелері бойынша жеңімпаздар анықталды.
Қазақ лигасында бірінші орынды Алматы қаласынан келген Зере Қапбас, Әсел Амантай және Ділназым Серіктен құралған команда жеңіп алды. Команда кубок және 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеге ие болды.

Екінші орын, оған қоса 300 мың теңгелік ақшалай жүлдені Ақмола облысынан келген Гүлмира Байболсынова, Мархабат Мұрзағалиева және Батима Мұханбетқалиден құралған команда жеңіп алды.
Үшінші орын иегерлері Шымкент қаласынан келген Жұлдыз Тұрсын, Асылым Сайлау және Аймен Бахит атанды. Олар 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеге ие болды.
Қазақ лигасының жеңімпаздарын Respublica партиясынан Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова марапаттады.

Орыс лигасында бірінші орынды Алматы қаласынан келген Аруна Жүсіпова, Жамиля Мамадалиева және Асия Ткачевадан тұратын команда еншіледі. Олар кубок пен 500 мың теңгеге ие болды.
Екінші және үшінші орындарды Астана қаласының (Медина Әлжанова, Әдина Еділова, Әлихан Марат) және Абай облысының (Арұжан Мұздыбай, Далида Абдрахманова, Айсұлтан Мұрзағазин) командалары иеленді. Олар 300 мың және 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлделермен марапатталды.
Үздік спикер атағына, оған қоса 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеге Актөбе облысынан келген Құндыз Дауыл, Алматы қаласынан келген Жамиля Мамадалиева ие болды. Турнирдің үздік төрешілері ретінде Дана Айтқалиева мен Томирис Морская танылды.
Қатысушылар үшін турнирден бөлек Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне бару ерекше қызығушылық тудырды.

Олар Respublica партиясы фракциясының депутаттарымен кездесті. Халық қалаулылары Нұргүл Тау мен Айтуар Қошмамбетов жас пікірсайысшыларға партия мүшелерінің заң шығарудағы қызметінің нәтижелері туралы айтып, олардың сұрақтарына жауап берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова