Қазақстанның өндіріс саласында небәрі 7 робот жұмыс істейді

Елдегі өнеркәсіп саласына робототехниканы енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пшембаевтың айтуынша, Қазақстанда бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі жылына 22 000 доллар, ал АҚШ, Ирландия, Норвегия және Швецияда бұл көрсеткіш 150 000 долларға жетеді.

"Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының нақты секторында 6,9 млн адам еңбек етуде. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың жалпы санын ескере отырып, елімізде өнімді көбейту үшін көп адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты өндірісте робототехникалық жүйелерді қолдану арқылы 2029 жылға қарай жоғары өнімділікке қол жеткізуге болады, бұл - экономикасы дамыған елдердің тәжірибесімен айқын дәлелденген", - дейді Мейрам Пшембаев.

Оның келтірген мәліметі бойынша Сингапурда 10 000 қызметкерге шаққанда 1000-нан астам робот бар, Оңтүстік Кореяда 800-ден астам, ал Германия мен Жапонияда 400-ден астам робот бар. Ал Қазақстанда небәрі 7 робот жұмыс істейді. Яғни робототехникалық жүйелерді өндіріске енгізу қарқыны төмен.

Осыған байланысты Қазақстан машина жасаушылар одағы өндірістік робототехниканы дамыту мәселесін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізуді ұсынып отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!