Қазақстанның мұнайын экспорттаудағы негізгі бағыт белгілі болды

Қазақстанның мұнайын экспорттаудағы негізгі бағыт белгілі болды
Фото: depositphotos.com

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдің мұнай саласының қазіргі жағдайын таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Халықаралық CERAWeek энергетикалық конференциясында сөз сөйлеген министр Қазақстанның әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізетін сенімді ел ретіндегі позициясын сақтап отырғанын айтты. Сонымен қатар, ол сала алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді атап өтті. Олардың қатарында энергетикалық қауіпсіздік мәселелері, соның ішінде қазақстандық мұнайдың басым бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тұрақты жұмыс істеуі бар.

Анықтама: Каспий құбыр консорциумы (КҚК) — қазақстандық мұнайды экспортқа шығаратын негізгі бағыттарының бірі. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайы Ресейге жеткізіліп, кейін Қара теңіздегі Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалы арқылы экспортқа жөнелтіледі. Осы терминал арқылы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы өтеді.

"Бұл бағыттың ұлттық экономика үшін аса маңызды екенін ескере отырып, оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді", - деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Сонымен қатар, Қазақстан экспорт бағыттарын әртараптандыру саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді, оның ішінде Қытай бағытын дамыту да бар. Соған қарамастан, КҚК мұнай тасымалдаудың ең тиімді әрі басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Сондай-ақ, мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарлар да айтылды. Атап айтқанда, Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды көздеп отыр. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің Орталық Азия өңіріндегі мұнай өнімдерін жеткізуші ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Былтыр КҚК инфрақұрылымы бірнеше рет дрон шабуылына ұшырады. Соның салдарынан Қазақстан шамамен 3,8 миллион тонна мұнайды экспортқа шығара алмады. Жуырда КҚК маңында қазақстандық мұнайды тиеуге бағыт алған танкерге де шабуыл жасалды. КҚК-дан бас тарту мүмкін бе және қандай балама бағыттар бар екені туралы сілтеме арқылы оқуға болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget