Қазақстан экономикасының мемлекеттік бюджетін 30 жыл бойы шикі мұнай қамтамасыз етіп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Экономикалық зерттеулер институты мамандарының сөзінше, еліміз шикізатқа тәуелділді болмауға қанша тырысса да, ол әлі де сақталып келеді.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шикізатқа деген тәуелділіктен біртіндеп құтылу жоғары қайта бөлу салаларын дамыту есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Осы жылы жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 400-ден астам жобаны іске қосу жоспарланған. Кемінде 10 жоба экономиканың басым салаларында жоғары қайта бөлу кластерлерін құруға бағытталған.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша қазіргі мұнай қоры - 4,4 миллиард тонна.
"Теңіз және Қашаған кен орындарында өндірістерді кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде жылдық мұнай өндіру 100 миллион тоннаға жетеді. Қазақстанда шикі мұнай өндіру көлемі 1990 жылғы 25 млн тоннадан 2021 жылғы 85 млн тоннаға дейін артып келе жатқанын атап өткен жөн. Шикі мұнай өндірудің осы жылғы қарқынын ескере отырып (еск - жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарымен) мұнай қоры тағы 44 жылға жетуі мүмкін", – деді ӨЗО жетекші сарапшысы Даулет Жамбайбеков.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз