Қазақстанның мамандандырылған ХҚКО-ларында ақау шықты

Қазақстанның мамандандырылған ХҚКО-ларында ақау шықты
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазангапов

Қазақстандықтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет ала алмайтынына шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы тұрғындары Tengrinews.kz WhatsApp-нөміріне хабарласқан. Олардың айтуынша, қаладағы мамандандырылған ХҚКО екі күннен бері жұмыс істемейді.

"Адамдар екі күн бойы көлікті тіркей алмай жүр. Мыңдаған адам күтіп тұр. Мысалы, кеше мен келдім, кешегі күні босқа өтті, жұмысым қалды, көлікті тіркей алмағандықтан таксиге қанша ақша жұмсадым. Алда мереке күндері, көліксіз қалай жүреміз? Кеше таксиге шынымен 12 000 теңге жұмсадым", - деді алматылық Сәуле.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-тан Tengrinews.kz тілшісіне 2 және 3-мамырда арнайы ХҚКО қызметтерінің қолжетімсіз болғаны тіркелгенін хабарлады.

"Сонымен қатар, 2-мамырда мемлекеттік мекеме жағындағы желідегі техникалық ақауға байланысты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметтер қолжетімді болмай қалғанын хабарлаймыз, бүгін жұмыс жартылай қалпына келтірілді.

3-мамырда мемлекеттік корпорацияның серверлерінде ақау болды. Соның салдарынан еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-сында мемлекеттік қызмет көрсету тоқтатылды. Қазір жауапты мамандар ақауды жоюға кірісіп жатыр. Жұмысты толық қалпына келтіру туралы қосымша хабарланады", - деді "Азаматтарға арналған үкімет" өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек